Қазақстан «Бəйтерек» жобасына 233 млн доллар жұмсайды
Байқоңыр ғарыш айлағындағы "Бəйтерек" ғарыш зымыран кешеніне Ресей тарапы 916 млн доллар бөлді
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Асқар Жұмағалиев мəлім етті.
Асқар Жұмағалиев хабарлағандай, "Бəйтерек" жобасын алғашында "Ангара" ресейлік зымыран негізінде іске асыру жоспарланған болатын.
"Бірақ, "Ангара" зымыраны дайын болмаған соң, тараптар жобаны іске асырудың əртүрлі жолдарын қарап, талдау жасады. Мəселені пысықтай отырып тараптар жобаны "Союз-5" зымыран негізінде орындау қажет деп шешті. Жалпы алғанда, Ресей Федеарциясы зымыран жасау үшін жауапты ел, ал, біз жерүсті инфрақұрылымы үшін жауап береміз",-деді министр екі тараптың міндеттеріне тоқтала отырып.
Осы жобаға Ресей тарапы 916 млн доллармен қосылып отыр. Қазақстанның бюджеттен бөлетін қаражаты бірнеше есе аз.
"Жаңғырту мақсатында 2018 жылы Байқоңыр айлағының 42-ші, 43-ші жəне 45-ші алаңдарында орналасқан Зенит-М кешенінің 243 нысаны Қазақстан тарапына берілді. Қазақстан тарапы Зенит-М кешеніндегі жерүсті инфрақұрылым нысандарын қайта жаңарту мен жаңғыртуды жасайды. Стартты жəне техникалық кешендерді жаңғырту, жұмыс істеп тұрғандарын күрделі жөндеу жəне қайта жаңарту, сондай ақ жерүсті ғарыш инфрақұрылымының жаңа нысандарын салу жұмыстарын жүргізеді. Осы жұмыстар 233 млн долларымен бағаланды", - деді ол.
Сенат осы мақсаттарды көздейтін "2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметінің арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бəйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заң жобасын қабылдады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан