Биыл 25 заң жобасы әзірленді
Бүгін Үкімет отырысында заң жобалау жұмыстарының келесі жылға арналған жоспары қарастырылды. Әділет министрі Марат Бекетаев 2022 жылы «ҚР Әлеуметтік кодексі» жобасы, жергілікті өзін-өзі басқару, кәсіптік біліктіліктер, агломерацияларды дамыту, жылу энергетикасы туралы заң жобалары әзірленетінін баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Пысықталған Жоспар жобасы 26 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Оның 16-сы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға қатысты. Бірінші жартыжылдықта 7 заң жобасын, екінші жартыжылдықта 19 заң жобасын әзірлеу жоспарлануда», - деді Марат Бекетаев.
Сонымен қатар, ведомство басшысы 2021 жылы Үкімет 25 заң жобасын әзірлегенін, оның 5-уіне Мемлекет басшысы қол қойғанын, 1-уін Парламент қабылдағанын, 18-і Парламент қарауында жатқанын, 1-уі осы жылдың соңына дейін Парламентке енгізілетінін хабарлады
Өз кезегінде Премьер-Министр Асқар Мамин мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапалы әзірленіп, Үкімет пен Парламентке уақтылы енгізілуін қатаң бақылауды тапсырды.