$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.01.2020, 14:11
Үкімет

Сапарбаев зейнетақы қорындағы ақшаға пәтер алу жайлы ақпаратты тағы да құпия қалдырды

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев зейнетақы қорындағы жинақты баспана алу үшін пайдалану туралы нақты ұсыныстар Президент қарауына жіберілгенін айтты

Сапарбаев зейнетақы қорындағы ақшаға пәтер алу жайлы ақпаратты тағы да құпия қалдырды
Фотоколлаж

Алайда, Бердібек Сапарбаев Президент әкімшілігіне нақты қандай ұсыныстар жіберілгенін, яғни, азаматтар болашақта зейнетақы қорындағы жинақтарын нақты қандай мақсатта және қалай жұмсай алатыны жайлы ашып айтпады.

«Ертең біздің айтқан ұсыныстарды Президент әкімшілігі қабылдамай қойса...Жұмыс тобының ұсынысын қабылдау/қабылдамау Президент әкімшілігінің құқығында. Президент әкімшілігі ұсыныстарды қарап, шешім қабылдаған кезде, міндетті түрде жария етеміз», - дейді Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдеріне.

Вице-премьер зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алғашқы жарна ретінде пайдаланып, үй алғысы келген азаматтардың шотында кемі 10-12 млн теңге қаражат болу керек дегенді меңзеді.

«Үкімет жанынан жұмыс тобы құрылып, оның құрамына ғалымдар мен сарапшылар кірді. Біз халықаралық тәжірибені зерттеп, Президент әкімшілігіне зейнетақы қорының бір бөлігін пайдалану туралы ұсыныстар енгіздік. Тағы да айтайын, зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі жинақтың сомасына тікелей тәуелді. Біз зейнетке шыққан адамның жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуіміз керек. Адам зейнетке шыққанда, оның дұрыс өмір сүруіне жететін жинағы қалу керек», - дейді вице-премьер.

Ал, Қазақстанда зейнетақы қорында 10-12 млн теңге жиналған адамдардың саны 102 мың ғана екен.

«Зейнетақы қорының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, өкінішке қарай, азаматтардың тең жартысынан көбінде 1 миллион теңгеден артық ақша жоқ. Жеткілікті сома шамаман 10-12 млн теңге. Ондай адамдардың саны небары 102 мың адам», - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Үкімет Президент әкімшілігіне азаматтардың зейнетақы қорындағы шотынан белгілі бір соманы баспана алудың алғашқы жарнасы ретінде және ауыр сырқаттарды емдеу кезінде пайдалануға мүмкіндік беру керек деген ұсыныс әзірлеген.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары