Қазақстан мен АҚШ үкіметі әуе қатынасы туралы келісімге қол қойды
Келісім екі ел арасындағы тікелей рейстердің ашылуына әсер етпек
Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан тарапынан келісімге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ал АҚШ тарапынан – АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі – Уильям Х. Мозер қол қойды.
«Осы келісім халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігін одан әрі либерализациялау жөніндегі ұсынымдарына сәйкес «ашық аспан» қағидаттарын көздейтін Қазақстан Республикасы үшін бірінші құжат болып табылады. Бұл Қазақстан мен АҚШ арасында ұшуды орындауды жоспарлайтын тасымалдаушылар үшін зор мүмкіндіктер ашады. Келісімнің аясында тараптардың тасымалдаушыларына ауа еркіндігінің «бесінші дәрежесі» беріліп, межелі мекендердің және жиіліктердің саны бойынша шектеу қойылмайды», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарламасында.
Келісім екі ел арасындағы тікелей тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық базаны қалыптастырып, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Екі ел арасындағы тікелей рейстердің ашылуы саяси, экономикалық, мәдени өзара қарым-қатынастар мен туризмді дамытуға, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін арттыруға ықпал етпек.