Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше мәртебе берілуі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Заң әлі бекітілген жоқ

Ерлан Әукенов, вице-министр

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше мәртебе беру жоспары қарастырылып жатыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлімдеді.

Вице-министр Үкімет мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартатын заң жобасы қарастырылып жатқанын айтып, заң актілеріне бірнеше ұсыныс әзірленгенін жеткізді.

«Ол мүмкіндігі шектеулі баланы «мүгедек» деп кемсіту терминологиясын алып тастау, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасына «мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы» мәртебесін беру сияқты нормаларды болжайды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына немесе қамқоршыларына курортта емделуге жіберу мәселесі де қарастырылып жатыр», - деді Әукенов.

Бұл заң әлі бекітілген жоқ. Заң жобасы бойынша жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі баланы жұмысқа орналастыру квотасын орындамағаны үшін міндетті өтемақы төлеуге міндеттелмек.