Қазақстандық бітімгерлер Иракта жарылыс қаупі бар 5 млн оқ-дәріні жойды
Депутат заң жобасын қолдап, Сенаттың қарауына жіберуді ұсынды
Қазақстандық бітімгерлер Иракта жарылыс қаупі бар 5 млн оқ-дәріні жойып, 500-ден астам Ирак азаматына медициналық көмек көрсетті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ержан Құдайберген мәлімдеді.
Мәжілістің жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
«Құбылмалы жаһандық ахуалдың халықаралық тұрақсыздық және мемлекетаралық қақтығыстар өсуінің қазіргі жағдайында бітімгершілік миссияларының қызметі ерекше мәнге ие. Бітімгершілік миссиясына адал бола отырып, Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігеріне практикалық жәрдем көрсетіп, бітімгершілік операцияларға қатысуын ұлғайтып отыр», - деді депутат.
Ержан Құдайберген аталмыш заң жобасы бейбітшілік пен өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталатынын айрықша атап өтті.
«Біздің әскери қызметшілеріміздің бітімгершілік контингентінің құрамында минасыздандыру тәжірибесінің бар екені өте маңызды. Мәселен, құрамында 290 адам бар қазақстандық 9 бітімгершілік контингент, оның ішінде әскери инженерлер мен медицина қызметкерлері ротация тәртібімен Иракта қызмет атқарды. Бұл ретте қазақстандық бітімгерлердің басты міндеті минасыздандыру және айдауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Қазақстанның әскери қызметшілері жарылыс қаупі бар 5 млн оқ-дәріні жойып, 500-ден астам Ирак азаматына медициналық көмек көрсетті», - деді депутат.
Депутат Ержан Құдайберген заң жобасын қолдап, Сенаттың қарауына жіберуді ұсынды.