Қазақстан мен СБЕР арасындағы меморандумның мәтіні жарияланды
Қазақстан тарапы Сбербанкттен 500 млн доллар несие алмақ
Қазақстан үкіметі мен ресейлік СБЕР компаниялар тобы арасында жасалған меморандумның толық мәтіні жарияланды. Құжаттың атауы: «Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы».
Келісімде Қазақстан үкіметі цифрлық трансформацияға және цифрландырудың платформалық түріне көшуге тиіс екені көрсетілген. Ал СБЕР компаниялар құрамына әріптес ретінде «BTS Digital» ЖШС компаниясы таңдалды.
Цифрлық платформалық шешімдерді құруға арналған технологиялары, тәжірибесі мен құралдары бар СБЕР компаниялар тобы стратегиялық әріптес ретінде қазақстандық бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші – «BTS Digital» ЖШС-ны (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 40% үлесі бар ERG тобының еншілес компаниясы) анықталды.
Мемлекеттің кепілдігімен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ «Сбербанктен» несие алмақшы. Құжатта несиені «Қарыз туралы келісім» деп атаған.
«ҰАТ» АҚ мен Сбербанк ЖАҚ арасында оған қызмет көрсету бойынша негізгі борыш пен пайыздар сомасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен «ҰАТ» АҚ пайдасына кредит желісін ұсынуды көздейтін Қарыз туралы келісім жасасу. Кредит желісі Сбербанк ЖАҚ тарапына барлық қажетті құжаттар уақтылы ұсынылған жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін бес жүз миллион АҚШ долларына дейінгі мөлшердегі сома Ресей рублімен берілетін болады», - делінген құжатта.
Меморандумда несиенің қанша пайызбен берілетіні көрсетілмеген.
Осы Меморандум шарттарында GovTech платформасын іске асыру шартын және GovTech платформасы қызметтерін алу шартын жасасу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Меморандум іске асуы үшін тараптар 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қол қоюы керек.
Айта кетейік, 3 қыркүйек күні Шығыс экономикалық форумы барысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мен Сбербанк басқармасының төрағасы Герман Греф ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес ресейлік компания Қазақстанның мемлекеттік секторын цифрландыру жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысады.
Бұған дейін Сбербанктің 50%-дан астам акциясы Ресей үкіметі бақылайтын Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі екені жазылды.