$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.09.2021, 12:00
Үкімет

«Министрдің жауабына қанағаттанбай отыр». Депутат Қазақстанның IT қауіпсіздігіне қатысты Асқар Маминге сауал жолдады

Жуырда Қазақстан Үкіметі мен ресейлік CБЕР компаниялар тобы цифрлық үкімет платформасын құру туралы меморандумға қол қойды

«Министрдің жауабына қанағаттанбай отыр». Депутат Қазақстанның IT қауіпсіздігіне қатысты Асқар Маминге сауал жолдады
Бағдат Мусин, министр

Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Премьер-министр Асқар Маминге ресейлік Сбер компаниялар тобымен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімге қатысты депутаттық сауал жолдады.

«Ресейлік СБЕР-мен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау тудырды. Депутаттар өткен жылдары жекелеген министрліктердің, жалпы алғанда цифрлық даму мәселесінің ақпараттық жүйелер жұмысындағы сәтсіздіктерін бірнеше рет сынға алған еді.

Қолданыстағы платформалардың қабілетсіздігі, әсіресе өткен жылдың көктемінде пандемия басталған соң денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, салық салу, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген электрондық қызметтердің кемшіліктері айқын болды.

Сол кездің өзінде жылдар бойы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаржының тиімсіз жұмсалғаны анықталды», - делінген депутаттық сауалда.

Мақсат Раманқұлов мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғалардың жағдайды түзету бойынша жасаған әрекеті тиісті нәтиже бермегенін айтып, тіпті, платформалар азаматтар мен бизнес өкілдерінің пайдалануына қиындық туғызғанын жеткізді.  

«Қазіргі заманауи технологиялар мен жаңа әлемдік жағдайларды ескере отырып, Қазақстан үшін мемлекеттік қызметтерді цифрлық дамытуда артта қалу проблемасы жыл өткен сайын өткір болып тұр. Сондықтан барлық мемлекеттік органдардың IT-жүйелерін бірыңғай платформаға келтіру, заманға сай жаңғырту қажеттігі шынымен де жүйелі проблемаға айналды», - деді депутат.

Дегенмен, Мәжіліс депутаты бірқатар мәселе әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отырғанын айтты.

Біріншіден. Аталған келісімді өткен жылдары цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма?

«Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында?», - деді депутат.

Екіншіден. Осы Келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халықаралық IT-компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық пен адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды?

Үшіншіден. Келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады?

«Осыған байланысты БАҚ-та жарияланған Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің түсіндірмесі жұртшылықты қанағаттандырмайды, керісінше одан да көп сұрақтар туындатады. Оның себебі серверлерді Қазақстанда орналастыруда ғана емес, оларда сақталатын ақпаратқа бөтен тұлғалардың қолжетімділігін шектеудің технологиялық мүмкіндігі бар ма деген мәселе.

Ақпарат ғасырында IT қауіпсіздігі ел Тәуелсіздігінің маңызды факторы деп санаймыз. Жауаптарды заңда белгіленген мерзімде берулеріңізді сұраймыз», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары