Қазақстанда жыл басынан бері 100-ден астам бала мен жасөспірім суицид жасады
Депутат өз-өзіне қол жұмсау жағдайы қай өңірлерде көп тіркелетінін айтты
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Динара Зәкиева елде балалар мен жасөспірімдер арасында суицид мәселесі өршіп тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазақстан қоғамы үшін тағы бір өзекті мәселе – балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид. Статистикаға сәйкес 2021 жылдың тек алты айында елде 105 суицид, сол сияқты 190 суицидке бару әрекеті тіркелді. Бірқатар өңірде суицид көрсеткішінің өсуі байқалады. Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы көрсеткіш өте қорқынышты. Осыған байланысты заң жобасында бұл мәселені шешу үшін орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру тетіктері ұсынылады», - деді Мәжіліс депутаты.
Ал, депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, мектеп оқушыларының 12 пайызы қудалауға тап болады. Бұл олардың психиологиялық жағдайына әсер етеді, кейде тіпті суицидке де әкеп соғуы мүмкін.
«Бұл мәселе уақытында жүйелі шара қолдануды қажет етіп отыр. Осыған байланысты депутаттар қудалау және кибербуллинг ұғымдарын заңнамалық бекітуге арналған нормаларды қабылдауды ұсынған болатын», - деді депутат Смышляева.
Білім және ғылым вице-министір Бибігүл Асылова министрлік бұл мәселе бойынша жұмыс тобын құрып, алгоритм әзірлейтінін айтты.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мектеп балаларын буллингтен және кибербуллингтен толық қорғайтын нақты норма енгізу керектігін айтты.
Еске салайық, Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нелля Дощанова сұхбатында суицидке қандай балалардың баратынын айтқан еді.