Энергетика вице-министрі АЭС салуға қатысты жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет атом электр станциясын салу мәселесін зерделеп жатыр

көрнекі фото

Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев алдағы үш жылдық бюджетте Қазақстанда атом электр станциясын салуға қаражат қарастырылмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АЭС құрылысына қатысты республикалық бюджеттің жобасында ақша қарастырылмаған.

«Қазір атом электр станциясын салу мәселесі зерделеніп жатыр. 2022 жылдың қыркүйек айына дейін тиісті ұсыныс әзірленуі керек», - деді вице-министр Мәжілісте үш жылдық бюджетті таныстыру кезінде.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде өткен Шығыс экономикалық форумда сөз сөйлеп, Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет деген пікір білдірді.

Тоқаев форумдағы сөзінде Қазақстан халқына жолдауында Үкіметтің алдына елде атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеу міндеті қойылғанына тоқталды.

«Мен бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын, өйткені Қазақстанға атом станциясы қажет», - деді Тоқаев.