ТЖМ материалдық-техникалық базасы ескірген – Мәжіліс депутаты
Сергей Решетников жаңа робототехникалық технологияларды енгізу қажеттігін айтты
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасындағы өрт-құтқару техникасы мен өрт-техникалық жабдықтарының сапасы мен санында бірқатар проблемалық мәселелер бар. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«2007 жылы теңгерімге алынған «Апаттар медицинасы орталығы» жасақтарының далалық госпитальдары өз ресурсын толық игеріп, зақымданған жерлерін жоюды талап етеді; «Қазавиақұтқару» АҚ әуежай аумағындағы 10 ангардың 5-і жөндеу жұмыстарын қажет етеді; авиапарктың 27 тікұшағының 3-інде техникалық ақауы бар, 7-уіне техникалық қызмет көрсетілуде және олар ұшуға жарамдылық сертификатын күтуде, өндіруші зауыт тағайындаған 2 тікұшақтың пайдалану ресурсының мерзімі аяқталуда», - деді Мәжіліс депутаты Сергей Решетников.
Халық қалаулысы аталған мәселені бірінші вице-премьер Роман Склярға жолдады. Сондай-ақ, ол сөзінде ТЖМ құрамына берілген азаматтық қорғаныстың 3 әскери бөлімінің 2-уі авариялық-құтқару жабдығымен және құрал-саймандармен жүз пайыз қамтамасыз етілмегенін де атап өтті.
«Әрбір бөлімде радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау техникасымен жарақтандыру бойынша бірқатар мәселелер бар. Олардың жарақтандырылуы 80%-ды құрайды, оның 65%-ы жаңартуды талап етеді. Өйткені техникалық мүліктер ескірген», - деді Решетников.
Мәжіліс депутаты бүгінде бірқатар елде күрделі өрттерді сөндіру кезінде шынжыр табанды және дөңгелекті жүрісті роботтандырылған техника қолданылатынын айтты.
«Жаңа робототехникалық технологияларды кеңінен игеру және енгізу бойынша қажетті түбегейлі шаралар қабылдауды; қолданыстағы өрт-құтқару техникасын, өрт-техникалық жабдықтарды жаңғыртуды немесе оларды заманауи үлгілерге ауыстыруды; азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын жақсартуды және материалдық қамтамасыз етілуін арттыруды, құтқарушылар үшін олардың аттестатталуын ескере отырып, зейнеткерлік жасын қайта қарауды сұраймыз», - деді Сергей Решетников.
Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 63 маман қаза тапты, 155 қызметкер әртүрлі сипаттағы жарақаттар алды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан