Президент мал жайылатын жерлерді ықпалды адамдар иеленіп алғанын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елдегі ауыл шаруашылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер барын көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқарылуы керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн», - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүргенін айтты.
«Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл, аймақтағы ветеринария қызметі туралы сөз қозғады.
«Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп келгенде ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес», - деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауы басталды.
Жолдауды республикалық телеарналар тікелей эфир арқылы көрсетіп, негізгі радиостанциялар тікелей толқында таратып жатыр.
Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтылады.