Қорғаныс министрлігінің жиынына 600-ге жуық жас офицер қатысты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жиын кестеге сәйкес мамыр айында басталған болатын

Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери жоғары оқу орындарын және азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын бітірген 600-ге жуық жас офицер қатысқан жиын аяқталуға жақын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл жиын кестеге сәйкес мамыр айында басталған болатын.

Атап айтар болсақ, Тілендиев кентіндегі оқу-жаттығу орталығында десанттық-шабуылдау әскерлерінің 100-ден астам жас офицеріне әскери жиын ұйымдастырылды. Осы әскерлердің қолбасшысы генерал-майор Мереке Күшікбаевтың айтуынша, жиынның негізгі мақсаты - жас офицерлерді қызмет жағдайына тез бейімдеу, командир ретінде қалыптасу жолында бірыңғай теориялық және практикалық білім беру.

Жиын барысында арнайы оқу-жаттығу орындары ашылып, онда тәжірибелі әскери қызметшілер сабақтар өткізуде.

«Әскери қызметшілер бағынысты жеке құраммен жұмыс істеу, штаттық қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету ерекшеліктерін зерделейді. Лейтенанттар әскери оқу орнында алған білімдерін іс жүзінде көрсету. Бағынысты сарбаздар мен сержанттардың моральдық-психологиялық қасиеттерін зерделеу жеке кезеңде жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Оқу пәндері бойынша бақылау сынақтарын тапсыру және офицерлердің атқаратын лауазымына сәйкес міндеттерді орындауға әзірлігін айқындау негізінде сабақтар қорытындыланады. Әр әскери қызметші бағаланып, оларға әскери қызметті сәтті жалғастыру үшін ұсынымдар беріледі.