ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

Қазақстандық тауарлар Alibaba және eBay сауда алаңдарына шығарылады

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында Wildberries компаниясының логистикалық орталықтарын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр

Фото: bitnovosti.com

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2020 жылы 100 қазақстандық кәсіпорын «алтын өнім беруші» мәртебесімен Alibaba платформасына шығады. Бүгінде Alibaba сауда алаңына шығуға көмек көрсетілетін 50 кәсіпорын іріктеліп алынған.

«Халықаралық электрондық сауда алаңдарында қазақстандық тауар өндірушілердің санын арттыру мақсатында «Интернет-экспортер мектебі» бағдарламасы іске қосылды. Біз Alibaba.com, eBay.com алаңдарында жұмыс жүргіздік, Alibaba-ға шығуға көмектесетін 50 кәсіпорынды іріктеп алдық, ол үшін тиісті ресурстар бөлінді», - дейді министр.

Министрдің айтуынша, мемлекет қазақстандық экспорттаушыларға Alibaba сұранысына сай сертификаттарды сатып алуға көмектескен.

«2020 жылдан бастап 50 кәсіпорын «алтын өнім беруші» мәртебесі бар Alibaba халықаралық платформасына шығарылады. Келесі жылдың соңына дейін Alibaba-да 50 компанияны шығарғымыз келеді. Бұл Alibaba алаңында қазақстандық павильон құруға мүмкіндік береді. 100 алтын сертификат бізге жеткілікті серпіліс бере алады», - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ сауда министрлігі халықаралық Wildberries сауда дүкенімен келіссөз жүргізіп, Нұр-сұлтан мен Алматыда компанияның логистикалық орталықтарын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр екен.

«Бұл жүзеге асса, көлік шығындарын қысқартуға және Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдеріне және одан әрі Өзбекстан мен ЕО елдеріне қазақстандық тауарларды өткізу арналарын кеңейтуге мүмкіндік берер еді. Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстан мен Өзбекстан тауарларының транзиттік ағыны артады, бұл өз кезегінде жол бойындағы сервистерді дамытуға серпін береді»,- деп есептейді министр.

Министр бүгінде Wildberries платформасында экономиканың түрлі салаларынан 16 қазақстандық компания тіркеліп, 600-ге жуық жергілікті тауар ұсынылғанын айтты.