Әкелерге алимент төлеу үшін кредит беріледі - Әділет министрі
Мұндай көмек ішімдікке әуес, масыл, жұмысқа құлқы жоқ «көкек әкелер» үшін көрсетілмейді
2019 жылдың 21 қазанында сот орындаушылар палатасы Қазақстанда әлеуметтік қор құру туралы шешім шығарды.
Әділет министрлігі мен сот орындаушылар палатасының мәліметіне сүйенсек, жеке сот орындаушыларға түсетін арыз-шағымның тең жартысын алимент өндіру ісі құрайды. Қазір министрлік пен палатаның жұмысының нәтижесінде проблемалық алименттер саны 25 мыңнан 14 мыңға дейін азайған.
«2019 жылдың 21 қарашасында жеке сот орындаушылардың кезектен тыс съезі өтіп, съезд қорытындысы бойынша әлеуметтік қор құру туралы шешім қабылданды. Қордың негізгі мақсаты –әлеуметтік-қаржылық жағдайы қиын азаматтарға көмек көрсету. Қордың бюджеті республикалық палата мүшелерінің мүшелік жарнасы мен ерікті ақша салымдары арқылы қалыптасады. Сондықтан, қордың қаражатына лимит болады. Бұл әзірге ілкі жоба», - деді журналистердің сұрағына жауап берген Әділет министрі.
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында баяндама жасаған Марат Бекетаев бүгінде палата мүшелерінің саны 2200 адамға жеткенін айтты.
«Әлеуметтік қор тек алиментпен шектелмейді. Бірақ, алиментке маңыз беріліп, бұл тақырып егжей-тегжейлі талқыланып, зерттелді. Әлемдік тәжірибе осындай қордың екі негізгі моделін көрсетіп отыр, - деді қордың жұмысы Марат Бекетаев.
Алайда, министр бұл жерде борышкерлердің алиментін мемлекет төлеп береді деген түсінік жоқ екенін жеткізді.
«Бірден айта кетейін, мемлекет борышкерлер үшін алимент төлей бастайды деген иллюзия мен күмәнді жоққа шығарамын. Олай болмайды және мемлекеттің төлеуі теріс», - деді министр.
Марат Бекетаев түсіндіріп өткендей, әлеуметтік қор екі негізде жұмыс істейді. Бірінші модель – осы алиментке қатысты, екінші модель – қиын тұрмыстық жағдайда қалған адамдарға көмектесу үлгісі.
«Алименттік қордың негізгі моделі – іс жүзінде несиелеудің тағы бір құралы. Яғни, қор борышкерге банк талаптарына сәйкес несие береді. Оның төлем қабілеті міндетті түрде ескеріледі. Борышкер жұмысынан шығып қалса, ауырып қалса, және жұмыс бойынша бірнеше ұсынысты қарастырып жатса, оған әрине, алиментін төлей тұру үшін несие беріледі. Ал, егер оның төлем қабілеті жоқ, жұмысқа құлқы жоқ, есірткі мен ішімдікке әуес екені көрінсе, оған несие берілмейді», - деп түсіндірді Әділет министрі.
Әлеуметтік қор жұмысының екінші моделі қайырымдылыққа негізделмек. Яғни, қорға ақша қайырымдылық жарналары арқылы келеді. Алдын ала болжам бойынша, Қор қайырымдылық пен палатаның мүшелерінен түскен жарна есебінен жылына 10-15 мәрте көмек көрсете алады. Және ол көмек бір реттік сипатқа ие.
«Мүшелік жарнаның көлемін нақты айта алмаймын, бірақ 50 мың теңгеден басталады. Палатаға мүше сот орындаушылары жылына бір рет мүшелік жарна төлейді», - дейді Бекетаев.
Ал, сот орындаушылары палатасының мәліметіне сүйенсек, палатаға енген жаңа мүшелерден алынатын жарна көлемі 100-200 АЕК арасында. Әділет министрі мұндай қор құрып, халыққа көмектесу – масылдыққа бастау емес, «сот орындаушыларының әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, алимент мәселесін шешуде оң өзгерістерге қол жеткізу» мақсатында басталған жұмыс екенін айтады.
«Бұны неге істеп отырмыз? Өйткені, сот орындаушылардың да әлеуметтік жауапкершілігі бар. Оның үстіне олар да ауыр психологиялық соққы алады. Бала-шағасын жылатып, мүлкін тәркілеу - психологиялық тұрғыда өте ауыр. Сондықтан, палата өте қиын жағдайларды осындай қор арқылы шешуді көздеп отыр», - деді Бекетаев.
Алдын ала болжамға сенсек, қордың жұмысы 2020 жылдың бірінші тоқсанында нәтиже бере бастайды.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан