Қазақстан аумағында Калашников автоматы құрастырылады
Қазақстан мен Ресей тараптары бірқатар құжатқа қол қойды
Қазақстан аумағында Калашников автоматтарын лицензияланған құрастыру өндірісін ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды. AK - 12 және AK - 15 сияқты заманауи атыс қаруын бірлесіп шығару саласындағы екіжақты ынтымақтастық осы жылдың тамыз айында басталады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Жобаның операторы – «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы.
МАКС-2021 халықаралық авиациялық ғарыш салонының алаңында тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Оған сәйкес, Қазақстанда «Байкал» ұшағы да құрастырылады. Ол үшін «Қазақстандық авиациялық индустрия» кәсіпорны «Байкал-инжиниринг» ЖШҚ-ның үлесін сатып алмақ. Осылайша 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан әйгілі Ан-2 ұшағын «Байкал» жеңіл көп мақсатты ұшағы алмастырады.
Жоспар бойынша жылына 50 ұшақ құрастырылады. Оны экспортқа шығаруға рұқсат бар.
Бұдан бөлек, «Киров зауыты» АҚ, ресейлік «Прима» зауыты және «405 авиациялық жөндеу зауыты» АҚ арасында Қазақстандағы авиациялық техникаларға арналған радиобайланыс жабдықтарын өндіруді оқшаулау туралы үшжақты келісімге қол қойылды.