Семей қаласына республикалық мәртебе беру ұсынылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Семей қаласына республикалық мәртебе беруді ұсынды

фото: weproject.kz

«Ақжол» партиясы атынан ҚР Премьер-министріне депутаттық сауал жолдаған Азат Перуашев Семей қаласының мәртебесін көтеру Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында маңызды шешім болады деп есептейді.

«Осы орайда кер заманда қазақтың рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізген Абай рухының ордасы Семей қаласына да тиісті мәртебесін беру орынды деп санаймын. Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңның 3-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны 1 млн-нан асатын елді мекендер немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жатады. Біздің ойымызша, Семей қаласы дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан оған  республикалық мәртебе беру жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Семей қаласы әуежайына қазақтың ұлы ақыны Абай есімін беру туралы да ұсыныс айтылған. Қазір ол құжат республикалық ономастика комиссиясының қарауында.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан