ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Тоқаевқа азық-түлік бағасын тұрақтандыру жайында есеп берілді

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берілді.

Президентке Қазақстандағы биржа саудасының дамуы, құрылыс материалдары, тұрғын үй, жанар-жағар май нарықтарындағы бағаға қатысты ахуал, сондай-ақ, кірме жолдар нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде мәлімет берілді.

Серік Жұманғарин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік және жеке операторлардың қызметіне жүргізілген талдау жөніндегі тапсырмасының орындалу нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ,  жұмыс істеп тұрған қазіргі құрылымдарды оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Болжам бойынша олар 3,5 миллиард теңге экономикалық пайда әкеледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына фармацевтика, автожолдар құрылысы нарықтарындағы, денсаулық сақтау саласындағы монополияға қарсы әрекет ету шаралары туралы айтылды. Салалық ведомствоның жетекшісі Президентке бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін шектеулерді жою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қабылдап жатқан шаралар, Ұлттық жоба және бәсекелестікті дамыту жөніндегі заң жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев  азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасын төмендету жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі азық-түлік өндірісі көлемін ұлғайту, отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарына қолдау көрсету қажет деп санайды.