Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымымен сұхбат
Қазақстанда алғашқы Экологиялық кодекс 2007 жылы қабылданды. 2018 жылға дейін 160-қа жуық өзгеріс енгізіліп, жаңа құжаттың маңыздылығы артты. Нәтижесінде 2021 жылдың 2 қаңтарында Мемлекет басшысы ҚР жаңа Экологиялық кодексіне қол қойды. Бұл құжат 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырған кодекс жобасы Мәжіліс депутаттары арасында біраз пікірталас тудырған еді.
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы, кәсіби эколог Лаура Мәлікова да министрдің жалпы жұмысына оң баға бере алмады.
«2014-19 жылдары экология саласында жеке министрлік болған жоқ. Қоршаған ортаға қатысты сұрақтар Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралды. Сол себепті жүйелі мәселелер өршіп кетті. 2017-18 жылдары белсенді түрде Экология министрлігін қайта қалпына келтіру үшін Президент әкімшілігіне және әр түрлі мемлекеттік органдарға хат жолдадық. Нәтижесінде, 2019 жылы осы министрлік қайта қалпына келтірілді. Дегенмен, Мағзұм Мырзағалиевті министр қызметіне тағайындау шешімімен біз келісе алмадық. Себебі, ол кісінің экология саласында кәсіби білімі жоқ. Сондай-ақ ол кәсіпорындарда эколог болып жұмыс істемеген. Тек қана өндірістік кәсіпорындарда мұнайшы мамандығы бойынша қызмет атқарған. Экология мен мұнай бұрғылау – екі түрлі мамандық», - дейді Лаура Алмасбекқызы.
«МЫРЗАҒАЛИЕВ КОДЕКСТІ ТҮСІНБЕСЕ ДЕ, МӘЖІЛІСТЕ ТАНЫСТЫРДЫ»
Жаңа экологиялық құжатты жасауға қатысқан Лаура Мәлікова бұл саладағы шешілмей тұрған өзекті мәселелерді тізіп берді.
«Біріншіден, ауаның сапасынан бастайық. Елімізде алпауыт өндірістік орындар бар. Осы өндірістік орындардың жұмысын басқаша – дұрыс жолмен реттеу керек. Ол жаңа Экологиялық кодекс аясында қамтылды. Шілдеден бастап жасыл технологияларды орнату, алпауыт ірі компанияларда автоматтандырылған ластаушы заттардың мониторингін жасау қолға алынады. Яғни, сол ластаушы көздердегі мониторинг нормасы күшіне енеді. Бұл кодексті жазуға Экологиялық қауымдастық және біз белсене қатыстық. Мырзағалиевтің Мәжілісте қойылған сұрақтарға жауап бере алмауының себебі – ол Кодекстің жазылуына тікелей өзі қатысқан жоқ. Тіпті, ол көп нормаларды өзі де түсінбейді. Біз ол кісінің жауабына қарап солай ойлаймыз.
Жалпы, саяси қызметкерлерді мемлекеттік қызметке тағайындаған кезде олардың біліміне, тәжірибесіне міндетті түрде қарау керек. Мысалы, Алексей Цой өзі медицина саласында істеген. Аймағамбетов те білім саласында тәжірибесі бар. Бірақ экология саласын әлі де жоғары саяси деңгейде түсінбей жүрміз. Экология - кімді болса соны қоя салуға болатын сала сияқты. Негізі, экология - білім және денсаулық саласымен тікелей байланысты маңызды сала.
Басшысының білімінің жоқтығынан кейбір жақсы ұсыныстардың өзін ол дұрыс таныстыра алмай жатыр. Кейбір жақсы идеялар дискредитацияланды. Мырзағалиевтен кейін келген адамға бұл істі әрі қарай жүргізу енді одан да қиын болады», - дейді кәсіби эколог.
Лаура Алмасбекқызы Экология министрлігіне қарасты Қоршаған ортаны қорғау ақпараттық-аналитикалық орталығының жұмысына теріс баға берді.
«Келесі мәселе – ақпарат тапшылығы. Мемлекет тарапынан қаржы алып отырған министрлік қарамағындағы Қоршаған ортаны қорғау ақпараттық-аналитикалық орталық бар. Сол ұйым сараптау жұмыстарын жүргізуі қажет. Дегенмен, олардың қалдықтар бойынша сараптау жұмысының нәтижесін қарасақ, түсініксіз жазылған. Халық, бұқараны былай қойғанда, экологиялық қауымдастықтағы мамандардың өзіне түсініксіз болды. Себебі, классификациясын дұрыс жасамаған. Қалдықтарды өндірістік және «басқа түрлері» деп бөлген. «Басқа түрлері» деген не, оған не енеді, жазылмаған. Осы аналитикалық сараптау жұмыстарының сапасын жақсарту керек», - дейді маман.
«МИНИСТР ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУҒА ТИІС»
Лаура Алмасбекқызы су ресурстарының тапшылығына қатысты мәселеге жеке тоқталды.
«Су жылдан жылға азайып бара жатқандықтан, министрлік күріш суару алқаптарын азайту ұсынысын айтты. Бірақ ол ұсынысты ақпараттық-ағарту жұмыстарынсыз жасады. Сол себепті, күріш егумен айналысатын диқандар қолдамай, қарсы шықты. Яғни, халықпен байланыс орнату жағынан адамның тәжірибесі болу керек. Өкінішке қарай, Мағзұм Маратұлының мұндай тәжірибесі жоқ», - дейді маман.
Спикер Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылмен салыстырғанда күріш суару ақаптары биыл азайтылатынын айтты.
«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫНЫҢ ТЕК БІРЕУІ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ»
Жаңа кодекстің бұрынғы құжаттардан айырмашылығы көп. Спикер соның ішінде термиялық өңдеу технологиясын қолдану шешіміне тоқталып өтті.
«Ел бойынша 3 мыңға жуық қоқыс, қалдық полигоны бар. Оның ішінде тек біреуі – елордадан 30 шақырым жерде орналасқан полигон санитарлық талаптарға сай. Олардың зиянды әсері – жер асты суларын ластауы мүмкін. Жер асты суларының көп бөлігін халық тұтынады. Салдары – сан түрлі ауруға шалдығу.
Кодекс аясында, полигондардағы қалдықтарды жою үшін термиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Бұл дұрыс норма. Мәселен, астанадағы 2 полигон ұяшығы бар, 24 га жер. Бір ұяшығын рекультивация жасады, екіншісі әлі қалдыққа толып жатыр. Астынан сұйықтықтар ағып, ашық аспан астында жатқандықтан, иісінің зардабы бар және өрт қаупі жоғары. Әрине, бұл қоршаған ортаны ластау. Термиялық өңдеу - соны шешудің бір әдісі. Полигондарды осы күйінде қалдыра салу дұрыс емес. Технологиялық жағын да, экологиялық жағын да қарап, оларды азайту жолын қарастыруымыз керек», - деді Лаура Мәлікова.
«ЭКО-МӘДЕНИЕТ ҰСАҚ ӘДЕТТЕРДЕН БАСТАЛАДЫ»
Сапашы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың қарапайым мысалдарын айтты.
«Соңғы 2-3 жылдың ішіндегі әко-мәдениет туралы жариялап отыратын көптеген эко-белсенділер, блогерлер пайда болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы тарапынан экология мәселелеріне көптеп назар аударылып жатыр. Экологиялық мәдениет дегеніміз – үдемелі түрде күнделікті өмірде жүріп отыратын процесс. Сондықтан мемлекеттік реттеу аппараты тарапынан қолданылатын әкімшілік айыппұлдар, ағартушылық-ақпараттық хабар тарату маңызды», - деді.
«ЖАЙЫҚ СУЫНЫҢ МӨЛШЕРІ ЖЫЛДАН ЖЫЛҒА АЗАЙЫП БАРАДЫ»
«Бет-аузын жуып тұрған адам тісін шайып біткенше суды ағызып қояды. «Судың да сұрауы бар». Біз басқа елдермен салыстырғанда, суды үнемдеуге мәжбүрміз. Себебі, Сырдария да, Жайық та, Іле де – қай-қайсысын алсаңыз, басқа мемлекеттің территориясынан бастау алады. Соңғы 2-3 жыл ішінде Жайық өзінендегі судың көлемі 2,5 есе азайып кетті. Мұның барлығы қала тұрғындарының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында да суды барынша үнемді пайдалану керектегін талап етеді.
Екіншіден, қоқысты үйдің ішінде барынша сұрыптап жинау керек. Оның бәрі бір пакетке түсетін болса, сұрыптау қиынға соғады. Яғни, қаптама қалдықтары және тамақ қалдықтарын бөліп салу керек», - дейді сарапшы.
Лаура Мәлікова екі жыл Швецияда білім алған.
«Бұл елге аяқ басқан кез келген адамға алдымен қоқысты сұрыптауды үйретеді. Себебі, ол жақта қоқыс салатын жәшіктің 8 түрі орнатылған. Пластик, альюминий, киім, боялған, боялмаған шыны, газет, қатты қағаз деген сияқты бөліп тастаған. Бұл елде көмір қазбалары бар болғанымен, оның радиациясы жоғары деп, көп кен орындарын жауып тастаған. Баламалы энергия көздерін пайдалану бойынша 1-орында деп айтуға болады. 65 пайызға жуық энергияның мөлшері осы баламалы энергия көздерінен алынады. Жалпы, қоқысты сұрыптауды Швеция билігі халыққа үйрету үшін жарты ғасырға жуық уақытын жұмсады.
21-ғасырда ақпарат алмасу өте тез жүреді. Бізге жарты ғасырдың керегі жоқ деп ойлаймын. 2018 жылы «Елордада қалдықтарды бөліп-жинау жүйесі» жобасы пилоттық режимде іске асырыла бастады. Қазір астанада сары және жасыл түсті қоқыс тастайтын жәшіктер бар. Осы жүйені жаңа Экологиялық кодекс аясында бүкіл Қазақстан өңіріне енгізуді міндеттейтін норма енгізілді», - дейді спикер.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан