2025 жылға дейін автожолдардың 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған
Еске сала кетейік, маусым айынан бастап Қазақстанда 18 автожол учаскесі ақылы жүйеге ауысты. Бұл: Шымкент-Өзбекстан шекарасы, Орал-Ресей Федерациясының шекарасы (Саратов), Орал-Ресей шекарасы (Самара), Ресей шекарасы (Орынбор)- Ақтөбе, Щучинск-Петропавл, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Қапшағай-Талдықорған, Қарабұтақ-Қызылорда, Ақтөбе-Орал, Атырау- Бейнеу- Өзбекстан шекарасы, Ақтау-Бейнеу, Қостанай-Ресей шекарасы (Троицк), Нұр-Сұлтан-Қостанай, Павлодар- Ресей шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау учаскелері.
Осы жағдайға байланысты бірнеше өңірде ауыр және жеңіл жүк көлік жүргізушілерінен құралған топ автокөлік жолдарына енгізуге жоспарлаған төлемақының жоғары болуына наразылық білдірді.
Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдындағы есептік кездесуінде бұл жағдайдан хабары бар екенін айтып, тек 1-санаттағы жолдар ақылы болатынын жеткізді.
«Әлемде бар тәжірибе. Көп елде «Жолды кім пайдаланса, күтіп ұстау шығынын сол төлейді» деген әділ қағида жолға қойылған. Өйткені көп жағдайда жолды инертті материалдар тасымалдаушы ауыр жүк көліктері бұзып жатыр. Оның үстіне, Қазақстан аумағы арқылы үшінші елдерден он мыңдаған транзиттік жүк көліктері өтеді. Олар да жолдың бүлінуіне әсер етеді. Біздің де тасымалдаушылар өзге елдердің аумағы арқылы өткенде барлық алымдарды төлейді», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған.