ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

Суицид, буллинг: Сенатта кәмелетке толмағандар арасындағы мәселелер талқыланды

Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 6 млн-ға жуық бала бар

көрнекі сурет: budettalk.ru

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары      комитетінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 6 млн-ға жуық бала бар, бұл ел халқының 30%-ын құрайды. Соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 3,3 мыңнан 1,7 мыңға дейін азайған. Алайда, жастар арасында суицидтің, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің таралуы, оның ішінде әлеуметтік желілердегі мессенджерлер арқылы жіберілуі біздің қоғамымыздағы маңызды әлеуметтік проблема болып отыр.

«Қалыптасқан проблемаларды шешу алдын алу жөніндегі біріккен шараларды, оның ішінде нормативтік тұрғыда бекітуді, сондай-ақ мемлекеттік тетіктер мен азаматтық қоғамды, ата-аналарды және балалардың өздерін белсенді тарта отырып күш-жігерді біріктіруді талап етеді», - деп атап өтті Владимир Волков.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Отырысқа қатысушылар буллингтің, құқық бұзушылықтар мен суицидке бейімділіктің алдын алуда балаларды жұмыспен қамту маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осыған байланысты балалардың білім беру, шығармашылық және спорттық демалыс жүйесін жетілдіру қажеттігі туындайды.

БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев биыл қаңтар айында мемлекеттік білім беру тапсырысына қосымша білім беру енгізуді көздейтін заң қабылданғанын, бұл жергілікті атқарушы органдарға балаларды қамтуды кезең-кезеңімен ұлғайту, қызықтыратын салалар бойынша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, олардың үйлесімді өсуі үшін спорттық, шығармашылық, зияткерлік әлеуетті іске асыру жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін хабардар етті.

Отырысқа қатысушылар бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты қудалау (буллинг), әлеуметтік желілер және мессенджерлер сияқты ұғымдарды заңнамаға енгізу, Қазақстан аумағында онлайн-платформалар қызметін, әлеуметтік желілердегі шетелдік контенттерді және мессенджерлерді  реттеу, сондай-ақ оларға бірқатар міндеттемелер жүктеу жөніндегі заң жобасын әзірлеуші депутаттардың бастамасына қолдау білдірді.

Одан бөлек, депутаттардың білім беру ұйымдарының психикалық денсаулықты нығайту және қолдау, кәмелетке толмағандар арасында суицидтер мен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі қызметін үйлестірудегі білім беру органдарының құзыретін кеңейту жөніндегі ұсыныстары да талқыланды.