Түркістан облысында жоғалған студенттерді іздестіруге Өзбекстан мамандары да тартылды
Жоғалған 7 студенттің үшеуі тірі, екеуі өлі күйінде табылды. Қалған екеуі іздестіріліп жатыр

Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен туристерді іздестіруге Өзбекстан ТЖМ құтқарушылары тартылды. Олар Өзбекстан жағынан Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеруде. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
«Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристті іздеу жұмыстары жалғасуда. Таулы рельефтердің болуы және өзендердің қатты ағысы іздеу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызуда.
Бүгінгі күнге дейін іздеу жұмыстары ұзындығы 350 шақырымнан асатын тау шатқалдары бойымен жүргізілді. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, шамамен 170 шақырым аумақ зерттелді», - деді Талғат Уәли.
«Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарымен аэровизуальды барлау жасалды. Жалпы 2 мыңнан астам шақырым жер әуеден тексерілді.
Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.
Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.
Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.
28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.