«QazVac - қазақ ғылымның жетістігі»: ғалымдар отандық екпенің басты айырмашылығын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

QazVac вакцинасын экспорттау әлі жоспарда жоқ

Фото: primeminister.kz

Әлемде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп шығарған елдердің қатары көп емес. Бұл үлкен жұмыс пен күшті талап етеді. Десе де, аз ғана уақыттың ішінде қазақстандық ғалымдар COVID-19 инфекциясына қарсы отандық QazVac вакцинасын әзірлеп шығарды. Екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 2020 жылдың 15 мамырында кандидат вакцина ретінде тіркелген болатын. 22 cәуірде өңірлерге отандық вакцинаның алғашқы партиясы жөнелтілді. QazVac екпесін алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алды. Тиісті ведомство өкілдері вакцина тиімділігі 96%-ды құрайтыны жайлы мәлімдеме жасады. Аталған вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жасап шығарды.

Azattyq Ruhy тілшісі QazVac вакцинасы қазақ ғылымы мен медицинасына қандай жаңа өзгерістер мен прогресс әкелгенін білу үшін отандық ғалымдардың пікірін сұрады.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары Ерғали Әбдіраймов бұған дейін елімізде коронавирусқа қарсы үміткер вакцина болмағанын, QazVac 100 пайыз отандық екпе екенін айтты.

«Қазақстанда бұған дейін коронавирусқа қарсы үміткер вакцина болған жоқ, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. QazVac - 100% отандық вакцина, бұл Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдары әзірлеген екпе. Отандық ғылымның жетістігі деп айтар едім. QazVac вакцинасын әзірлеумен айналысқан негізгі ғалымдар - 30-40 жылдан астам тәжірибесі бар вирусологтар. Бәрі Қазақстан азаматтары. Вакцина әзірлеу технологиясы өте күрделі жұмыс. Сондықтан екпе бүкіл коллектив еңбегінің нәтижесі.

Бірінші кезекте QazVac вакцинасын тек Қазақстан азаматтарына салу жоспарланып отыр, біз бірінші өз азаматтарымызды індеттен қорғауымыз керек. Әрине, дәл қазіргі уақытта вакцина барлық мемлекеттерге жетіспейді, сондықтан сұраныстарда өте көп. Отандық нарық үшін вакцинаның бір дозасы 4,7 долларды құрайды. Дегенмен, экспортқа жіберу бүгінгі таңда жоспарда жоқ», - дейді Ерғали Әбдіраймов.

Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Айтжанов аз уақыт ішінде әзірленген отандық екепені Қазақстан ғылымының үлкен жетістігі деп санайды. Бұл өзіміздің ғалымдардың білімі мен тәжірибесінің жоғары екенін көрсетті дейді ол.

«Қазір коронавирус барлық елдерді біріктірген күрделі мәселе болып отыр. Вакцина жасау - өте күрделі жұмыс. Кез-келген ел вакцина жасай алмайды. Оны жасау үшін биологиялық қажеттілік керек. Анадан 5 грамм, мынадан 5 грамм алып жасай салатын дәрі немесе басқа препарат емес, зерттеуді өте көп қажет етеді. Вакцина шығарумен айналысып жатқан елдер: Америка, Англия, Қытай, Ресей, Үндістан, Германия - жылпы алғанда алты мемлекет. Сол алты мемлекеттің ішіне Қазақстанның қосылуы, оның үстіне біздің ғалымдардың мұсылман елдерінің арасында алғаш болып вакцина жасап жатқаны үлкен жетістік деп білемін. Бұл біздің елдегі мамандардың мықтылығын көрсетеді.

Негізі, медицина мен ветеринария екеуі екі сала болғанымен, жалпы міндеті бірдей. Себебі, көптеген ауру медицина мен ветеренарияға ортақ. Мысалы, туберкулез, сібір жарасы және басқа көптеген ауруға адам да, мал да шалдығады. Бірақ, малды емдеу көбіне нәтиже бермейді. Сондықтан аурудың алдын-алу үшін вакцина қолданады. Ал, адамдарды емдеп жазуға болады. Сол себепті, медицина көбіне емдеу жағына назар аударады. Вакцина жасаумен айналысып жатқан ғалымдарға келер болсақ, олардың басым көпшілінің мамандығы мал дәрігері. Әрине, биолог, вирусологтар да бар. Бірақ, көп бөлігін ветеринарлар құрайды», - дейді ғалым.

Сондай-ақ профессор отандық вакцинаның басты артықшылығы мен ағзаға қалай әсер ететінін айтты.

«QazVac вакцинасының басқалардан айырмашылығы - бұл инактивацияланған екпе. Менің түсінігім бойынша, инаквтивацияланған вакцина вирустың негізін алып, әртүрлі жолдармен белсенділігін төмендетеді. Көбі вакцинаны дәрі деп ойлайды. Вакцина дегеніміз – әр аурудың өзінің қоздырғышы. Мысалы, короновирусқа коронавирустың қоздырғышын, туберкулезге туберкулездікін қолданады. Кез келген қауіпті ауруды өзінің қоздырғышы қайтарады. Вакцинаны түрлі жолдармен әлсіретуге болады. Оны инактивациялайды, консентрациясын төмендетеді немесе толық құрам емес белгілі бір фрагментін ғана алады. Активтілігі төмендеген вирус әбден әлсірейді. Әлсіреген вирус соншалықты ауру тудыра алмайды. Оны еккен кезде вирус ағзаға барып, иммунитетке аурудың келгенінен хабар береді. Иммунитет оянып, соған қарсы антидене шығара бастайды. Сәйкесінше антидене микробты өлтіреді.

QazVac вакцинасының тағы бір ерекшелгі - сақталу температурасы. Бұған дейін шығарылған вакциналарды -70 грдуста сақтау керек. Төмен градуста вакцинаны тасымалдайтын арнаулы құрылғылар өте аз. Басқа елдерге жеткізу де қиындық тудырады. Ал, QazVac вакцинасын кәдімгі үйдегі тоңазытқышта сақтауға болады. Сонымен қатар тағы бір мысал, «Спутник V» вакцинасының бір флаконына 5 доза құйылған. Ашқаннан кейін оны барлығын қолдану керек, қолданылмаса жарамсыз болып қалады. Ал, QazVac-тың бір флаконында 1 ғана доза бар. Тасымалдауға өте ыңғайлы және 6 айға дейін қолдана беруге болады. Ең бастысы біздің вакцинаны салғаннан кейін қатты әсер бермейді. Вакцинадағы вирус әбден әлсіреп, өлгендіктен қауіпсіз болып саналады», - дейді Батырбек Айтжанов.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан