ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Тиімді игерілмеген қаражат 3 ай ішінде республикалық бюджетке кері қайтарылуы керек

Бұл мәселе Мәжілістің кезекті отырысында талқыланды

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат тиімді игерілмеген жағдайда мемлекеттің ақшасын иемденген ұйым нысаналы аударым сомаларын 3 ай ішінде республикалық бюджетке қайтаруы тиіс. Бұл мәселе Мәжілістің кезекті отырысында талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев өз баяндамасында аудиторлық есеп нәтижелері бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған жағдайда бөлінген қаражаттың мемлекетке қайта қайтарылатынын ескерді. Алайда, қарастарылып жатқан заң жобасына қатысты Мәжіліс депутаты Мәлік Құлшар Қаржы министрінің өкіліне сауалын жолдады.

«Қазіргі заң жобасында аудиторлық қорытындының нәтижелері бойынша мақсатқа сай пайдаланылмаған қаражатты 3 ай ішінде республикалық бюджетке қайтару туралы норманы бекітілу ұсынылады. Алайда қайтару үшін ұйымның қаражаты жеткіліксіз болса, онда мақсатқа сай пайдаланылмаған ақшалай қаражатты қайтару қандай тәсілмен жүзеге асырылмақ? Сондай-ақ, оның қайтару механизмі қандай болмақ?», - деді Мәлік Құлшар.

Мәжілісменнің сұрағына Қаржы вице-министрі Ербол Қарашөкеев жауап берді. Оның айтуынша, әзірге бұл мәселеде жаңа механизмдер қарастырылмаған.

«Қаржы министрлігі немесе мемлекеттік аудит органдары ақшаны сол мекемелердің меншікті есебінен қайтаратын болады. Егер олардың шотында қаражат болмаса, онда мәселе сот арқылы шешіледі. Ал егер мекеменің активтері болса, соларды сатамыз. Әзірге басқа механизм қарастырылмаған», - деп нақтылады Ербол Қарашөкеев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан