Ауылдардың бәрі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады – Үкімет
Ауыз су, сапалы интернет, ауылдағы инфрақұрылым жайлы
2025 жылға дейін ауыл тұрғындарының 100%-ы сапалы ауыз сумен, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Мұндай мәлімдемелер бүгінгі Үкімет отырысында айтылды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев алдағы 5 жыл ішінде еліміздің ауылды елдімекендерді көркейту аясында нақты қандай жұмыстар атқарылатынын айтты.
«Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылды дамытуға 105 млрд теңге жұмсау жоспарлануда. Бұл көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту үшін 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.
Вемоство басшысы атап өткендей, ауылдағы инфрақұрылымдық мәселені шешу үшін 5 жыл ішінде бюджеттен 800 млрд теңге бөлінеді.
«Ауыл халқы сумен жабдықтау қызметіне 100% қол жеткізеді. Барлық ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-і жақсартылады. 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылып, жаңа 315 мектеп салынады. 1 719 спорт және 748 мәдениет нысаны бой көтеріп, жаңғыртылады», - деді министр.
Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар жұмыс атқарылатыны айтылды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзіне сенсек, жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 4,5 трлн теңге сомаға 845 инвестициялық жоба іске асырылмақ.
«Алдағы бес жылда «Еңбек» бағдарламасы аясында ауылда 250 млрд теңге сомаға 50 мың микрокредит беру жоспарланып отыр. Ал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін етті мал шаруашылығында 175 млрд теңге сомасына 2500 шаруашылыққа кредит беру көзделген. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70,0 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінеді», - деді Сапархан Омаров.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан