Қазақстан экспорттаушы елдерге 8 мың тоннадан астам өнімді кері қайтарды
Талаптарды бұзғандарға 37 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
Қазақстан және ЕАЭО заңнамаларында белгіленген карантиндік талаптар бұзылғаны үшін 8 мың тоннадан астам өнім экспорттаушы елдерге кері қайтарылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Биыл үш айдың қортындысы бойынша, елімізге әкелінген фитосанитариялық өнімге қарасты тексеріс нәтижиесінде 800-ден астам заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде 110 факт карантиндік объектілер ретінде тіркелсе, 500-ден астамында тиісті құжаттары сәйкес келмеген немесе мүлдем жоқ болып шыққан.
Осыған орай, Қазақстан және ЕАЭО заңнамасында белгіленген карантиндік талаптардың бұзылуына байланысты, экспорттаушы елдерге 8 мыңнан астам тонна өнім кері қайтарылды. Өнімі кері қайтарылған елдер көшін Қытай (6022,2) мен Ресей (1136,2) бастап тұр. Одан бөлек Өзбекстан (439,2 тонна), Қырғызстан (307,4 тонна), Әзірбайжан (303,6 тонна), Иран (243 тонна) және Түрікменстан (212,5 тонна).
Қайтарылған өнімдердің басым көпшілігі: қызанақ, бұрыш және арпа өнімдері. Онда қызанақ жемістерінің қоңыр әжім вирусы, арамсояу, батыс гүл трипсі, Комсток құрты және тағы басқа карантиндік объектілер анықталды.
Талаптарды бұзған тарап әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 37 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.