Асқар Мамин әкімдерге тапсырма берді
Үкімет басшысы санитарлық нормалар мен маска тағу режимін сақтауды күшейтуді тапсырды

Премьер-Министр Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында әкімдерге эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел шектеу шараларын қабылдауды, барлық емдеу мекемелерін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етуді, санитарлық нормалар мен маска тағу режимін сақтауды күшейтуді тапсырды.
«Вакциналау кестесін қатаң сақтау керек. Сәуір айында, сондай-ақ мамыр мен маусым айларында жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қажет», - деді А. Мамин.
Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп вакциналаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізу тапсырылды.
«Қоғам санитарлық нормаларды сақтау мен вакциналау пандемияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретінін түсінуі керек», - деп атап өтті А. Мамин.
Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,15 құрайды. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі 41%, реанимациялық төсек орындары – 27% құрайды.