Тоқаев коронавирусқа қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде жиын өткізеді
Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, аймақ әкімдері қатысады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөнінде жиын өткізеді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Бүгін түстен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөнінде жиын өткізеді. Іс-шара барысында COVID-19 індетіне шалдыққан азаматтардың көбеюіне байланысты еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған кешенді шаралар, сондай-ақ, халыққа вакцина салу мәселесі қарастырылады. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, аймақ әкімдері қатысады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады.
1 сәуірдегі жағдай бойынша, «қызыл» аймаққа енген алты өңір бар: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары.
«Сары» аймақта Шымкент қаласы және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған барлық өңір - «жасыл» аймақта.