Отандық QazCovid-in вакцинасы қалай әзірленді?

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген вакцинаның алғашқы партиясы сәуірде шығарылуы мүмкін

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Былтыр 16 наурызда Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталды. Бір аптадан соң КВИ жұқтырған науқастардан патологиялық материалдар алынды. Материалдан COVID-19 вирусы бөлініп, оның биологиялық жағы зерттелді. Сол уақыттан бастап қазақстандық ғалымдар вакцина әзірлеуге кірісті.

9 мамырда ғалымдар QazCovid-in вакцинасын әзірлеп шығарды. 15 мамырда Денсаулық сақтау ұйымы оны кандидаттық вакцина ретінде тіркеді жене ғалымдар жануарларға егу арқылы клиникаға дейінгі зерттеуді бастады.

Маусым айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы зерттеудің оң нәтиже көрсеткенін мәлімдеді.

Былтыр шілде айында ғалымдар өздері әзірлеген QazCovid-in вакцинасын алғашқы болып өздеріне салғызды.

17 қыркүйекте 44 еріктінің қатысуымен отандық вакцинаға қатысты I кезең бойынша клиникалық зерттеу басталды. Нәтижесінде вакцина қауіпсіздігін көрсетіп, сынаққа қатысқан еріктілердің жағдайы қалыпты болды.

17 қазанда клиникалық зерттеулердің II кезеңі басталып, оған 200 ерікті қатысты. Нәтижесінде вакцина жоғары иммуногенділік пен тиімділігін көрсетті.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков 

19 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық зерттеулердің соңғы III кезеңін жүргізуге рұқсат берді, оның аясында 3 мың еріктіге QazCovid-in вакцинасы салынды. Қазір вакцина алған еріктілердің жағдайы қалыпты, жақсы. Еріктілердің қанында қажетті қорғаныс антиденелері пайда болды.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Қазақстандық медициналық кеңес» медициналық білім және ғылым ұйымдары қауымдастығының президенті Талған Нұрғожин отандық вакцинаны клиникалық сынақтардан тыс өздеріне салғызды.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков қазақстандық ғалымдар әзірлеген вакцинаның алғашқы партиясы сәуірде шығарылуы мүмкін екенін айтты.