Жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарларға қатысты ұлттық биобанк құру ұсынылды
Қазақстанда бұл тізімге флораның 387 түрі және фаунаның 224 түрі еніп отыр
Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлеріне қатысты ұлттық биобанк құру ұсынылды. Бұл туралы ұсынысты Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысында Ұлттық биотехнология орталығындағы адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Мақсат Жабағин жасады. Оның басты міндеті – Қазақстанның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін сақтау.
«Қазақстанда өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің тізіміне Қазақстандағы флораның 387 түрі және фаунаның 224 түрі еніп отыр. Қазіргі кезде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан тірі табиғат түрлерін қорғаудың дәстүрлі шаралары міндетті түрде инновациялық технологиялармен толықтырылуы керек. Атап айтқанда, «биодепозитарий»; немесе «биобанк»; деп аталатын биологиялық ресурстар орталықтарында жүзеге асатын криоколлекцияларда жасуша материалдары сақталуы керек», - деді сарапшы.
Жас ғалымның айтуынша, ұлттық биобанк халықаралық стандарттарға сәйкес келетін инфрақұрылымы бар, ғылыми мақсат және ұтымды пайдалану үшін биологиялық үлгілерді жинау, сақтау, өңдеу және тарату жөніндегі бірыңғай оператор бола алады. Сарапшы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің мұздатылған жасушалық материалдары сақталатын Frozen Ark халықаралық консорциумын, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің «Нұх кемесі», сондай-ақ АҚШ ұлттық денсаулық институты жанындағы тірі жүйелер депозитариі және жаңа биологиялық белсенді заттарды іздеуге пайдаланылатын әртүрлі жануарлар мен өсімдіктердің 100 мыңнан астам сығындысы сақталатын Natural Product Repository коллекциясын мысалға келтірді.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жас сарапшылармен кездесуде айтылған барлық ұсыныс Парламенттің заң шығару жұмысында және тиісті министрліктің қызметінде ескерілетінін айтты.
«Экологиялық проблемаларды мемлекеттің қатысуымен ғана шешу мүмкін емес екені анық. Азаматтық сектор, ҮЕҰ, бизнес, жанашыр жандар мен еріктілер тарапынан да белсенді іс-қимыл қажет болады. Халық арасында экологиялық ойлау мен қоршаған ортаға жауапкершілікті дамыту қажет» - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.