$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2021, 12:23
Үкімет

Жаңа заң жобалары халыққа дұрыс түсіндірілмейді – Дана Нұржігіт

Сенат спикері осы мәселеге қатысты арнайы Үкімет сағатын ұйымдастыруды ұсынды

Жаңа заң жобалары халыққа дұрыс түсіндірілмейді – Дана Нұржігіт
фото: parlam.kz

Өңір тұрғындарына заң жобаларындағы өзгерістер мен түзетулер дұрыс түсіндірілмейді. Мұндай мәлімдемені Сенат депутаты Дана Нұржігіт жоғарғы палатының кезекті отырысында айтты. 

Сенатордың айтуынша, халық пен билік арасындағы заңды түсіндіру жұмыстарында кемшіліктер бар. Мәселен жауапты органның түсіндірмесі қоғамның қызу талқысынан кейін ғана ресми түрде таратыла бастайды.

«Біз шын мәнінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз десек, мына бір жайтқа назар аударуымыз қажет. Өңірлерге сапар барысында байқағаным - халық қабылданып жатқан заңдардан көп жағдайда бейхабар. Яғни, Парламентте қабылданған заң өңірлердегі халыққа жеткізілмейді. Кездесуде азаматтарымыздың көбісінің сұрағы алып-қашпа әңгімелерге негізделген. Сол себепті заңды халыққа ашық, қарапайым тілде түсіндіре алу және оны барынша тарату мәселесін күшейту керек. Міне, осының салдарынан әлеуметтік желідегі блогерлер, тәуелсіз сарапшылар заңды өз пайым-түсінігі шеңберінде талдап, талқылап жатады. Заң жобасының бастамашылары және ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасын Әділет министрлігінің келісімімен әзірлейтіні белгілі. Бұл бағдарламаның орындалуын кім қадағалайды және орындалу механизмі қандай болады?», - деді сенатор Әділет министрлігіне жолдаған сұрағында.

Әділет министрі Марат Бекетаев бұл мәселе екі министрліктің қадағалауында болатынын хабарлап, қоғам талқысы да ескерілетінін айтты.

«Заңды түсіндру және ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасын Әділет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қалдағалайды. Ондағы шаралар жаңа құқықтар мен міндеттерді халыққа түсінікті тілде жеткізуді қамтамасыз етеді. Мәселен, заң жобаларын әзірлеген кезде заң әзірлеуші органдар ашық қоғамдық талқылау өткізеді. БАҚ-қа арнап брифинтер ұйымдастырады. Ал заң қабылданғаннан кейін әзірлеуші органдар практикалық нұсқаулар беріп, арнайы бейнероликтер жасайды және интернетке орналастырады», - деді Әділет министрі.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та бұл проблеманың өзекті екенін алға тартып, алдағы уақытта аталған мәселе бойынша ведомство басшыларымен арнайы жиын өткізу керектігін мәлімдеді.

«Бұл өзекті сұрақ. Жаңа заң жобалары кейде халыққа дұрыс жетпей жатады. Арасында атқарушы органдар да дұрыс түсінбей қалады. Жарты жыл жұмыс істегеннен кейін арнайы Үкімет сағатын ұйымдастырып, осы мәселені талқыласақ, артық болмайтын шығар. Министрліктер жаңа заң жобаларын қалай түсіндіріп жатқанын талқылау керек», - деді Мәулен Әшімбаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары