Депутаттар кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті
Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан (БЖЗҚ) емделуге және инвестициялауға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын әлі күнге дейін қабылдаған жоқ. Депутаттар бұған кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқи отырыңыз: «Зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ереже әлі дайын емес». Депутат Үкіметті сынға алды
Осыдан бір ай бұрын Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы қаражатының бір бөлігін алу ережелерін бекітуге қатысты депутаттық сауал жолдады. Қажетті құжаттар қабылданып, азаматтар ақшасын ипотекасын өтеуге және тұрғын үй сатып алуға пайдалану құқығына ие болды. Алайда, іс жүзінде Президенттің тапсырмасы жартылай ғана орындалып отыр. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін ем-дом үшін пайдалану ережесін қолданысқа енгізбеген.
«Қазір бұл бұйрық Әділет министрлігінің қарауында. Барынша жеделдеткеннің өзінде, бұл ережелердің наурыз айында күшіне енетіні белгілі болды. Министрлік өкілдерінің берген уәдесіне қарамастан, дәл осындай уақыт белгіленді», - дейді Аманжан Жамалов.
Депутат шенеуніктердің оңай уәде бере салатынына наразы. Аманжан Жамалов жоспар бойынша азаматтарға зейнетақысын радиохирургиялық емдеуді, протон терапиясын, экстракорпоралдық ұрықтандыруды, стоматологиялық қызметтерді, медициналық оңалтуды талап ететін маңызды ауруларды емдеуге пайдалану құқығы берілуі тиіс екенін еске салды. Сондай-ақ депутат «Бұл - азаматтар үшін өмірлік маңызды сұрақтар. Неге Денсаулық сақтау министрлігі түсінбейді?» деп сауал жолдады.
«Бұл жағдайдың барлығы Президент тапсырмасын орындауды диверсиялауға ұқсас. Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен қысқа мерзімде азаматтардың зейнетақы жинағын пайдалануы бойынша заң нормаларын іске асыру бойынша барлық қажетті актілерді қабылдауды сұраймын», – деді Аманжан Жамалов депутаттық сауалында.
Депутат қызметтік тергеу жүргізу және тиісті ережелерді әзірлеуге және келісуге жауапты мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту қажет деп санайды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан