Олардың барлығы дерлік коронавирусқа қарсы екпенің қажеттілігін қолдайды
Қазақстанның Қарулы күштерінде коронавирусқа қарсы вакцина егу наурыз айында басталады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қазір екпе жұмыстарына дайындық жүріп жатыр, ол Қарулы күштерде биыл наурыз айында басталады. Екпе жүргізуде жеке құрамның басым санаттары айқындалып, оны алу кезектілігі жоспарланды.
Әскери қызметшілер мен азаматтық қызметкерлердің пікірлерін алдын-ала зерделеу көрсеткендей, барлығы дерлік коронавирусқа қарсы екпенің қажеттілігін қолдайды», - делінген хабарламада.
Жалпы, Қарулы күштерде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны елдегі орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жауынгерлік даярлық іс-шараларын қысқартуға, әскери даярлықты төмендетуге жол берілмейтінін атап өтті.