Петропавл және Шымкентте озық үлгідегі екі ЖОО құрылады – Асқар Мамин
Үкімет сайлауалды бағдарлама бойынша жол картасының жобасын ұсынды
Ұстаздардың айлығы 2023 жылқа қарай 2 есе өседі. Олардың орташа жалақысы осылайша жыл сайын кемінде 25 пайызға көбейіп отырады. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін Үкімет «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясының алдында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша тиісті жол картасының жобасын ұсынды.
«Педагогтердің жалақысы 2023 жылға қарай 2 есе, 330 мың теңгеден аса артады. Орташа жалақы жыл сайын кемінде 25 пайыз өседі. 2023 жылға қарай білім беру жүйесі 100 пайыз білікті мұғалімдермен қамтылады.
Жастар сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен қамтамасыз етіледі. Биыл тегін оқу мүмкіндігі 20 мың адамға беріледі, кейін жыл сайын квота ұлғайтылып, 2025 жылы 50 мыңға жеткізіледі. Студенттердің стипендиясы жыл сайын 20 пайызға артып, 2 есе өседі. Ал магистранттар мен докторанттар шәкіртақысы жыл сайын 10 пайызға артып, 1,5 есе өседі», - деді ол.
Сондай-ақ Премьер-министр мектептер мен университеттердің мәселесіне тоқталды.
«3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтылады. Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толық шешу үшін 800 мектеп салынады. Биыл 200 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. 2025 жылы ауыл мектептері интернетпен, компьютерлермен және оқу процессін ұйымдастыруға қажет тағы да басқа жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. 2022 жылы Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша Петропавл және Шымкент қалаларында озық үлгідегі 2 жоғары оқу орны құрылады», - деп уәде етті Үкімет басшысы.
Үкімет басшысы айтқан тағы бір жаңалық - жұмыс істейтін жастар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер беріледі.