Мәжіліс спикері келіссөз жүргізуге «тісі батпайтын» шенеуніктерді сынға алды
Ресей тарапының өкілдері Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері біріккен алқасында 10 жұмыс тобының 9-ын басқарады. Мәжіліс депутаттары мұндай «басымдыққа» наразы.
Депутат Гүлдара Нұрымова Мәжіліс отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан жұмыс топтары қызметінің қорытындысы бойынша алқаның қарауына ұсыныстар мен шешімдер шығарылатынын ескере отырып, неге Ресей Федерациясының өкілдері жұмыс топтарына басшылық жасап жүргенін сұрады.
Қаржы министрі мұндай жағдайдың бар екенін растады.
«Бұл тарихи қалыптасқан (жағдай – авт.), өйткені кеден қызметтерінің біріккен алқасының хатшылығы Мәскеуде орналасқан. Ол алқаның, хатшылықтың және жұмыс топтарының қызметін қамтамасыз етеді. Бірақ жұмыс топтарында барлық шешімдер консенсуспен қабылданады. Олар алқаға шыққан кезде әр елдің даусы болады. 10 жыл ішінде ешқандай мәселе туындаған жоқ», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Бұл талқылауға Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин араласты.
«Мәселе консенсустың қандай түрі емес, бұл жұмыс органы туралы. Ал, хатшылықты қай мемлекеттің өкілі басқарады? Кім? Ресей Федерациясы ма? Біз аппараттың не екенін білеміз. Ерман Мұхтар Тілдабекұлы (бұрынғы депутат) өткен шақырылымда үлкен жұмыс жүргізіп, «тарихи онжылдықтар бойы қаланған» барлық интеграциялық құжаттарда біз тәсілдерді өзгерттік және онда ТМД парламентаралық ассамблеясын қоспағанда, толық ротация бар», - деді ол.
Нығматулин министрге бұл мәселені шешу қажеттігін ескертті.
«10 жұмыс тобының 9-ын басқарады?! Депутат сұрақты дұрыс көтерді. Осыған байланысты проблемалар бар ма? Мұның бәрі шарттық процесс мәселелері. Құжат дайындалып жатқанда, келіссөздер жүргізіліп жатқанда, біздің тарапымыздан «тісі батпайтын» келіссөз жүргізушілер қатысады. «Тарихи қалыптасқан»? Бұл министрдің жауабы ма? Кездесу өтетін күні жарты күн қалғанда келесіздер, асығыс қол қоясыздар. Бұл істі түзетіңіздер!», - деп қорытындылады спикер.
Мәжілісте «2011 жылғы 22 маусымдағы Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан