$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.02.2021, 12:47
Үкімет

Ипотекалық бағдарламалар халыққа емес, құрылыс компанияларына тиімді – депутат

А.Жамалов үй бағасының жылдан жылға қымбаттап жатқанын айтты

Ипотекалық бағдарламалар халыққа емес, құрылыс компанияларына тиімді – депутат

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов тұрғын үй бағытындағы бағдарламалардың құрылыс саласына кері ықпалын сөз етті. Оның пікірінше, тұрғын үй мәселесі әлі де халық пайдасына түбегейлі шешілмеген.

«Мемлекет халықты қолдау үшін түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда. Олардың саны көп. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Баспана-Хит» және «5-10-20» бағдарламасы, Отбасы банкінің ипотекасы тағы бар. Өткен жылы «5-10-20» бағдарламасына 390 млрд теңге бағытталды. «7-20-25» бойынша – 309 млрд теңгеге, «Баспана-Хит» бойынша – 431 млрд теңгеге қарыздар мақұлданды. Сондай-ақ, қазір азаматтарға зейнетақы жинақтарын пайдалану құқығы берілді. БЖЗҚ-дан алынатын қаражат көлемі 2,4 трлн теңгеден асуы мүмкін», - деді Жамалов.

Мәжіліс депутаты тұрғын үй алудағы мұндай тиімді тетіктер халықтың емес, құрылыс компанияларының бюджетін ұлғайтып жатқанын алға тартты.

«Әрине, біздің құрылыс компанияларымызға мұндай жаңалық әсер етпей қоймады. Онсыз да қымбат пәтерлердің бағасы тағы да арта түспек. 2020 жылы жаңа тұрғын үй бағасы 5%-ға, қолданыстағы тұрғын үй бағасы 13,2%-ға өсті. Бұл ресми статистика. Ал Krisha.kz порталының мәліметі бойынша, Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы орташа баға 2020 жылы 17,2%-ға өскен», - деді депутат.

Депутат Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру бойынша тапсырма бергенін еске салып, Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен осы мәселеге қатысты шара қолдануды сұрады.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары