Қызылорда облысы мен Екібастұз қаласын 2021 жылы қандай өзгерістер күтіп тұр?
Тоқаев Қызылорда облысына нақты қолдау көрсету керегін айтқан
Биыл Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыру шаралары қабылданады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Биыл Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыру бойынша шаралар қабылданады. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өзектендіріледі. Жоспарға өңір экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша шаралар енгізіледі», - деді Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында.
26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Айтуынша, өңірдің негізгі табысы мұнайдан түседі. Бүгінде оның қоры сарқылып, өндіру көлемі азайып барады. Президент өңір экономикасына қатысты алдағы жұмыс екі бағытта жүргізілуі керек екенін атап өтті.
Біріншісі – жаңа мұнай-газ кеніштерін барлау және қазіргі кен орындарының қорын нақтылап, зерттеу жүргізу.
Екіншісі – өңірдің экономикасын әртараптандыру.
Сондай-ақ, министр мүдделі мемлекеттік органдар мен Павлодар облысы әкімдігінің қатысуымен Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың кешенді жоспары әзірленетінін атап өтті. Кешенді жоспарды Павлодар облыстық мәслихаты биыл қыркүйек айында бекітеді.
«Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында жыл ішінде мемлекеттік аппараттың қосалқы қызметтерін орталықтандыру және оңтайландыру жүргізіледі. Бұл – кадрлық, қаржылық және әкімшілік-шаруашылық қызметтер, сондай-ақ IT-қамтамасыз ету. Осыған байланысты, нақты мерзімдерін көрсете отырып, қосалқы қызметтерді орталықтандыру және оңтайландыру жөніндегі шараларды іске асырудың жол картасы әзірленеді», - деді министр.
Әсет Ерғалиев хабарлағандай, ағымдағы айдың соңына дейін «Мемлекеттік және жеке операторларды құруға мораторий енгізу туралы» Президент жарлығының жобасы әзірленеді.
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларға қатысты, соның ішінде Екібастұз бойынша орта мерзімді дамыту стратегиясын әзірлеуді тапсырған болатын.