Мұғалім жалақысы: үстемақы кімдер үшін беріледі?

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Мәжілісте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына сай, мұғалімдерге төленетін үстемақы туралы айтты

фото: Батыржан Беспаев

Егер заң қабылданса, министр атап көрсеткендей:

- 182 мың сынып жетекші мен дәптер тексеретін 165 мың мұғалімге 2 есе мөлшерде қосымша ақы;

- тәлімгер-ұстаздарға 17 мың теңге үстемақы;

- келесі жылдан бастап бүкіл мұғалімге қазір алып жүрген жалақысының 25 пайызы қосылады;

 - магистр атағы бар ұстаздардың жалақысына 25 250 теңге төленеді.

Сондай-ақ мұғалімдердің материалдық жағдайын жақсарту үшін бюджеттен 5,3 трлн теңге сұралып, оны депутаттар мақұлдаған.

«Материалдық ынталандыру мәселесіне тоқталсақ, Мемлекет басшысының Тамыз конференциясындағы тапсырмасы аясында алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артады. Бұл келесі жылдан бастап мұлғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейеді деген сөз. Әрине, осы мәселе бойынша педагогтардың арасында «Базалық лауазымдық жалақыны алып, соны ғана көтере салады екен» деген үрей бар. Президент тапсырмасы аясында, жалақыны өсіру жалпы мұғалімнің жалақысына қатысты болады деп айтқым келеді және қаңтар айынан бастап бұл жұмыс жүргізіледі», - деді Аймағамбетов.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.