Бюджеттен Шымкентке бөлінетін қаржыға сенатордың көңілі толмайды
Депутат бюджеттен бөлінген қаржыға Шымкентті дамыту мүмкін емес деп санайды
Шымкент әкімдігі 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке 95,7 млрд теңгеге өтінім бергенімен, оның 17,7 млрды ғана қолдау тапқан. Бұл жөнінде ҚР Праламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров мәлімдеді.
Елбасы Н.Назарбаев Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы жарлығына жария түрде қол қою рәсімінде Шымкент Орталық Азиядағы қуатты экономикалық орталыққа, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдайлар жасалған ірі, тартымды мегаполиске айналуы керек деген болатын. Сондай-ақ, қаланы дамытудың жаңа стратегиясы бұл өңірде өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталықты қалыптастыруға негіз болуы тиіс деп, нақты тапсырма да берген еді. Соған қарамастан үшінші мегаполис тарапынан сұралған қаржы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері деңгейінде толық шешімін таппаған. Сенатор осыған орай, үкімет басшысының атына сауал жолдапты.
«Тапсырмаға сәйкес, қазіргі уақытта 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке жобалық-сметалық құжаттамалары дайын 95,7 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Оның ішінде үш жылға яғни, 2020 жылға – 70,1 млрд теңге, 2021 жылға – 17,7 млрд теңге, 2022 жылға – 7,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржының басым бөлігі азаматтардың әлсіз топтарына жатқызылған отбасылар үшін салынатын тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымы және әлеуметтік нысандармен қамтуға бағыттау жоспарланған. Алайда, жоспарлы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасында қолдау тапқаны небәрі 14,2 млрд теңге ғана. Мәселен, энергетика және газбен жабдықтауға қажетті 36 млрд теңге сұралса, оның 1,39 млрд-ы ғана бекітіліп отыр. Қалада екі газ тарату станциясы 180 мың текше метр қуаттылығымен жұмыс істеуде, ал нақты қажеттілік 250 мың текше метрді құрайды. Жоспарланған үшінші газ тарату станциясына қажетті қаржы бөлініп, құрылысы шұғыл түрде аяқталмаса, бірқатар әлеуметтік нысан мен жеке тұрғын үйлерді газбен жабдықтау мүмкін болмайды. Қаржының өте аз көлемде қаралуы салдарынан Шымкенттегі 39 елдімекен тұрғындары сапалы электр жарығымен қамтамасыз етілмейді», - дейді сенатор.
Сенатор қосымша қаржы қарастыру қажет деп есептейді.
«Мұнан өзге, 2020-2022 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қаладағы тұрғын үй құрылысы және оның инженерлік инфрақұрылымына, ауыз су және кәріз жүйелері, тұрғындарды жылумен жабдықтауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты сұралған 57,9 млрд теңге бюджеттік өтінімнің тек 9,6 млрд теңгесі бекітіліп отыр. Оның ішінде 2020 жылға 3,7 млрд теңгесі ғана қаралған. Білім беру, мәдениет және спорт салалары бойынша, оның ішінде шағын аудандарда қажетті мектептердің құрылысына 6,7 млрд теңге және бұқаралық спортпен айналысушылар санын арттыру үшін нысандар құрылысын салуға жоспарлы жылға ұсынылған 1,1 млрд теңгеге өтінім қолдау таппай, бюджет жобасына енбеген. Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала деңгейіне лайықты дәрежеде болуына, қала тұрғындарына қолайлы әлеуметтік жағдай жасауына тікелей қатысты бюджеттік жобаларды жүзеге асыру мақсатында бюджеттік өтінімдерді қайта қарап, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қосымша қаржы қарастыру қажет деп санаймын», - делінген депутаттың сауалында.
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин тарапынан бұл мәселеге қатысты жауап өзін көп күттірген жоқ. Үкімет басшысының сөзіне сенер болсақ, білім беру объектілеріне қатысты Үкіметтің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында мектептердің үш ауысымдылығы мен апаттық жағдайларын төмендетуді үшін, мектептердің құрылысы мен оларды жөндеуге байланысты қаржыландыру функцияларын өңірлер деңгейіне беру мәселесі пысықталуда. Осыған байланысты жалпы сипаттағы трансферт шеңберінде Шымкент қаласының жергілікті бюджет шығыстарының базасында 19 млдр теңгеден астам қаражат бөлу көзделген. Оның ішінде 2020 жылға – 6 157,4 млн теңге, 2021 жылға – 6 483,1 млн теңге, ал 2022 жылға 6 755,4 млн теңге қарастырылады.
Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің шығыстары шеңберінде Шымкент қаласының тұрғын үй құрылысын дамытуға 2020 жылға 8 089,5 млн теңге берілмек.
«Шымкент қаласының шет аймақтарын дамытуға жыл сайын 5 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін қаржы жұмсау көзделген. Жалпы алғанда, заң жобасында шығыстар жобалардың басымдылығына қарай көзделгенін атап өтеміз. Осыған байланысты, қосымша қаражат бөлу мәселесін республикалық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жағдайында немесе оны тиісті жылдарға қалыптастыру кезінде жоспарлы тәртіппен қарауды орынды деп санаймыз», — деліген Үкімет басшысының жауабында.
Арай Есенбек, Шымкент