ҚТЖ-ның қарызы 1,9 трлн теңгені құрайды - депутаттық сауал
Сенаторлар не үшін ҚТЖ салаға қатысы жоқ жобаларды қаржыландыратынын сұрады
Сенат депутаттары - Сағындық Лұқпанов пен Сергей Ершов Премьер-министрдің атына сауал жолдап, елімізде теміржол саласының дамуы сын көтермейтініне назар аударды.
Олардың айтуынша, Қазақстанның теміржол паркіндегі вагондардың айтарлықтай бөлігі әбден тозған. Сондай-ақ, сатып алынған жаңа вагондар да көздеген мақсатқа сай емес. Олардың жылдамдығы сағатына 160 шақырым. Ал қазір кейбір көрші мемлекеттерде сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйткитін пойыздар қолданылатыны белгілі. Осыған байланысты елімізде жылдамдығы жоғары тасымалдау қызметін әрі қарай дамытуға қатысты мәселе туындап отыр. Бұл аздай, біздің еліміз теміржол желісінің дамуы жағынан да артта қалып келеді.
«Қазақстанда пайдаланылып жүрген теміржол желісінің жалпы ұзындығы 16 634,8 шақырымды құрайды. Олардың 4,2 мың шақырымы ғана электрмен жабдықталған. Мысалы, Ресейде теміржол ұзындығы 85,5 мың шақырым болса, оның 43,7 мың шақырымы электрлендірілген. Ал, аумағы Қазақстаннан 5 есе кішкентай Францияда теміржол ұзындығы 29 мың шақырымды құрайды. Оның 15 мың шақырымы электрмен қамтамасыз етілген», – деді Сағындық Лұқпанов.
Сенаторлар еліміздегі басты теміржол операторының сыртқы қарызына да алаңдаушылық білдірді. Бұл қарыз көлемі бүгінде 1,9 трлн теңгені құрайды екен. Депутаттар соңғы 5 жылда мемлекеттік субсидия ретінде аталған компанияға 171 млрд теңге бөлінгенін де тілге тиек етті. Одан бөлек, теміржол тасымалдаушысы басқа да жобалар арқылы табыс тауып отырғаны белгілі. Әуежайлар, автожол секторы, халықаралық «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығы күні кешеге дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқаруында болғаны мәлім. Ал Ақтау қаласындағы теңіз порты әлі күнге дейін осы компанияға тиесілі.
Осы ретте атап өтер жайт, «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік субсидия ала отырып, 2017 жылы астанадағы халықаралық әуежайға 27,5 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.
«Теміржол саласын дамытуға қатысты бағдарламалық құжаттарда көрсетілген осы бағыттағы нақты мақсат-міндеттерге қарамастан, оларды іске асыру қарқыны көңіл көншітпейді. Тіпті, мүлдем төмен деуге болады. Үнемі мемлекеттен субсидия алып отырғанымен, компания ұзақ уақыт бойы басқа жобаларды дамытуға айтарлықтай қаржы жұмсап келеді. Бұл негізгі қызметті шығынға ұшыратуға әкеп соқтыруда», – деді сенатор.
Депутаттар Премьер-министрдің атына жолданған сауалда көтерілген мәселені шешуді және компанияның өзі мемлекеттік субсидияға мұқтаж болып отырғанына қарамастан не үшін салаға қатысы жоқ басқа жобаларға шығын шығаратынын түсіндіруді сұрады.