Президент мемлекеттік бағдарламаны тиісті деңгейде орындамаған өңірлерді атады

Тоқаев «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асыру тетігін қайта қарауды тапсырды

Президент мемлекеттік бағдарламаны тиісті деңгейде орындамаған өңірлерді атады
көрнекі фото

Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты назарда болуы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл ретте Президент Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасындағы олқылықтарды сөз етті.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты жұмыспен қамтудың негізі құралы. Оның «Бастау бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам мемлекет қолдауынан тыс қалды. Бағларламаның алдыңғы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Өйткені ауылдарда банктер мен даму институттарының бөлімшелері жоқ. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру тетігін қайта қарауымыз керек. Халыққа берілетін шағын несиенің ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс», - деді Тоқаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Үкімет отырысының қорытынды сөзінде «Нұрлы жер» бағдарламасын орындауда кейбір өңірлердің тиімсіз жұмыстарын баяндады.

«Сегіз өңір бағдарлама аясында жүктелген тапсырманы тиісті деңгейде орындаған жоқ. Ең нашар көрсеткіш елордада – 59 пайыз. Түркістан мен Павлодар облыстарында – 64 және 61 пайыз. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 7 өңірде жоспар тиісті деңгейде орындалған жоқ. Бұл бағытта Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстары көш басында тұр», - деді Президент.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.