Елорда әкімі Президенттің газ тарту мәселесіне қатысты сауалына жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы тұрғындардың 700 мың теңгеге дейінгі бағаға газ жүйесін орнатуға мәжбүр болып отырғанын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.

«Пандемия кезінде 3 млн шаршы метр үй бой көтерді. Оның 80 пайызы жеке инвестиция есебінен салынды. 2020 жылы 15 мың оқушыға арналған жаңа 11 мектеп ашылды. Биыл тағы да 11 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Ондағы оқушылар орнының саны 40 мыңды құрайды. Былтыр 10 мыңнан аса адам қабылдауда болды. Азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуде жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді», - деді Алтай Көлгінов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың даму қарқыны жақсы екенін алға тартып, елордадағы газ тарту мәселесіне тоқталып өтті.

«Астанамыздың даму қарқыны өте жақсы. Мектеп, тұрғын үй құрылысы тиісті деңгейде жүріп жатыр. Мен қаланы дамытудағы бастамаларды қолдаймын. Өңірде қаланы газ жүйесімен қамтамасыз мәселесі бар. Бұл - тікелей Елбасының тапсырмасы. Алайда жеке үйлерге газ тарту мәселесінде бағаға қатысты проблема бар. Тұрғындар 500 мыңнан бастап 700 мың теңгеге дейінгі бағаға газ жүйесін орнатуға мәжбүр болып отыр. Бұл мәселе қалай шешілмек?», - деп сұрады Президент.

Қала басшысы Алтай Көлгінов жауабында Президент айтқан мәселені жоққа шығарған жоқ. Алайда, мердігермен келісімге келгендігін айтты.

«Біз мердігерге бағаны 150 мың теңгеге дейін түсіруін сұрадық. Қазір олар келісімін берді. Аудандарда газдандыру жүйесі қарқынын жоғалтпайтынына кепілдік береміз», - деді Алтай Көлгінов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан