$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.01.2021, 11:46
Үкімет

Грузия автокөліктері үшін тасымалдауға рұқсат беру жүйесі енгізіледі

Бұл отандық тасымалдаушылардың табысының артуына және көлік паркінің көбеюіне жағдай туғызбақ

Грузия автокөліктері үшін тасымалдауға рұқсат беру жүйесі енгізіледі
көрнекі фото: news24.pro

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Грузия мен Қазақстан арасындағы екіжақты және транзиттік, сондай-ақ үшінші елге автокөлікпен жүк тасымалдау үшін тиісті заңнамаға рұқсат жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл туралы бүгінгі Сенаттың кезекті отырысында айтылды.

Ведомство басшысы Бейбіт Атамқұлов қазір екі ел арасында автокөлікпен екіжақты, транзитті, сондай-ақ үшінші елге/елдерден жүк тасымалдау рұқсатсыз негізде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Рұқсатсыз жүйе грузин көлік операторларының автомобиль тасымалын орындау кезінде басым болуына байланысты ұлттық тасымалдаушылардың мүддесін қорғауға жағдай туғызбайды. Атап айтқанда 2020 жылы экспорт-импорт бағытында тасымалданған 18 мың 96 тонна жүктің 29 пайызы отандық тасымалдаушылар еншісіне келсе, оның 57 пайызы грузин көлік операторларымен тасымалданды», - деді министр.

Атамқұловтың айтуынша, рұқсат беру жүйесі бірінші кезекте екі ел арасындағы тепе-теңдікті орнатып, отандық мамандарға оң пайдасын тигізбек. Өйткені қазір грузин тасымалдаушылары үшін Қазақстан тарапынан ешқандай шектеу болмауына байланысты, олардың жүк таситын көліктерінің саны есепке алынбайды екен.

«Рұқсат беру жүйесі отандық көлік операторларының тасымалдағы үлесін арттыруға ықпал етеді. Бұл отандық тасымалдаушылардың табысының артуына және көлік паркінің көбеюіне жағдай туғызады. Рұқсат беру бланкалары тең дәрежеде үлестіріледі», - деді Атамқұлов.  

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары