Өткен жылы МӘМС жүйесімен 578 мың науқас ем алған
2020 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен жарна мен аударымдардың жалпы сомасы 550 млрд теңгені құрады. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді.
Қор басшысының айтуынша, түсімдердің ең көп сомасын жеңілдігі бар азаматтар үшін мемлекет төлеген. Дәлірек айтқанда 297,6 млрд теңге салынды. Бұл барлық түсімдердің 54%-ын құрады. Жұмыс берушілердің өз қызметкер үшін жасаған аударымдарының сомасы 162,6 млрд теңгеге тең келді. Бұл жалпы түсімнің 30%-ын құрайды. Ал жеке тұлғалардан түскен жарна үлесі - 16%.
«Есепті кезеңде халыққа амбулаториялық деңгейде 215 млн қызмет көрсетілді. 110 млн жуық қабылдау жүргізілді, оның 33 млн – бейінді мамандар, зертханалық зерттеулер саны 65 млн, диагностикалық процедуралар - 11 млн, оның ішінде 454 мың компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография, 2,8 млн УДЗ, 13,5 мың ПЭТ диагностика», - деді басқарма төрағасы.
Медсақтандуры қорының басшысы баяндамасында өткен жылы күндізгі стационарға 1 млн-нан астам адам жатқызылғандығын мәлімдеді. Оның ішінде МӘМС жүйесімен 578 мың науқас ем алған.
«Медициналық сақтандыру қаражаты есебінен 10 мыңға жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Әрбір емделген жағдайдың орташа құны - 3,2 млн теңге. МӘМС қаражаты есебінен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған операциялар саны артты. Сонымен, шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын (көз ауруы) емдеу операциялары бір жарым есе өсті, электромагниттік есту аппаратын имплантациялау 1,5 есеге артты. Осындай бір операцияның орташа құны 5,5 млн теңгені құрайды» - деді Болат Төкежанов.
Медициналық сақтандыру аясында қор 2019 жылы қор 64 медициналық ұйыммен оңалту көмегін көрсету жөнінде келісімшарт жасаса, 2020 жылы олардың саны 559-ға дейін жеткен.
Сондай-ақ мекеме басшысы пандемия кезінде қордан коронавирус инфекциясымен күресуге де қаражат бөлінгендігін айтты.
«Коронавируст инфекциясымен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландыруға 187,7 млрд теңге бөлінді. Оның 110,9 млрд теңгесі денсаулық сақтау субъектілері қызметкерлерінің үстемақысына бағытталса, медициналық көмекке және КВИ таралуын болдырмау жөніндегі қызметтерге 53,9 млрд теңге жұмсалды. ПТР диагностика қызметтеріне – 19,7 млрд теңге, мобильді бригадалардың шығуына - 3,2 млрд теңге бағытталды. Наурыздан желтоқсанға дейін 384 мың адам провизорлық, карантиндік және инфекциялық стационарларда емделді», - деді қор басшысы.
Жалпы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша қор есебін толтыруға 15,9 млн қазақстандық, яғни халықтың 85% қатысқаны анықталды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан