2021 жыл барша адамзат үшін бетбұрыс кезеңіне айналмақ - Тоқаев
Тоқаев жаңа сайланған Парламенттің 1-сессиясына қатысып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясының ашылуына қатысуда.
Президент өткен шақырылымның депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығын білдіріп, бес жылға жуық уақытта Парламент қабырғасында 410 заң қабылданғанын айтты. Депутаттар заңға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын әзірлеген.
«Жаңа депутаттар алдыңғы әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым жемісті жұмыс істеуі қажет. Себебі, бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр.
Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі межесіне қадам бастық. Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет етеді деп сенемін», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдың 21 жылы барша адамзат үшін бетбұрыс кезеңіне айналатынын айтты.
«Біз ғана емес, күллі дүние жүзі мүлде жаңа дәуірге бет бұрды. Өркениеттің даму жолы мен әлемдік құрылымның түп негізі түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Алдымызда сынақтар мен сын-қатерлер аз болмайды. Дегенмен барлығымыздың ең басты міндетіміз – пандемияның салдарын еңсеру.
«ХХІ ғасырдың 21 жылы барша адамзат үшін бетбұрыс кезеңіне айналмақ. Бұл жыл алдағы онжылдықтың басты бағдарын айқындайды. Мұндай күрделі жағдайда уақыттан ұтылуға және бір сәтке де босаңсуға болмайды», - деді ол.