Маминнің үкіметі жаңа құрам бекітілгенше міндеттерін атқара береді
Тоқаев жарлыққа қол қойды
Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін қазіргі Үкімет өз міндетін атқара береді. Бұл туралы ҚР Президентінің жарлығында айтылған.
«ҚР Конституциясының 70-бабының 1-тармағына, «Үкіметі туралы» ҚР Конституциялық заңының 4-бабына сәйкес жаңадан сайланған Мәжіліс алдында Үкіметтң өкілеттігін доғаруына байланысты қаулы етемін: Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі өз міндеттерін атқаратын болсын. Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген жарлық мәтінінде.
Айта кетейік, Парламент сайлауынан кейін министрлер кабинетінің өкілеттігі тоқтатылады. Конституциялық заңға сәйкес, Үкімет Мәжілістің өкiлеттiк мерзiмi шегінде жұмыс істейді және жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өз өкiлеттiгiн доғарады. Премьер-министр мен министрлер үкiметтің жаңа құрамы бекiтiлгенге дейiн өз мiндетін атқара бередi.
Өңір әкімдері өкілеттігін тоқтатпайды. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда әкімін тек президент тағайындай алады.