Білім министрі себебін түсіндірді
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов не себепті үшінші тоқсаннан бастап 9, 11-сынып оқушылары дәстүрлі форматта және қашықтан оқитынын түсіндірді.
«Бұл шешім бірнеше айдан кейін мемлекеттік аттестациядан өтетін, мемлекеттік емтихан тапсыратын 9, 11-сынып оқушыларына қатысты. Олар үшін бүгінде білім алудың маңызы зор. Біз оқу бағдарламасының 70 пайызын дәстүрлі форматта, 30 пайызын қашықтан оқитынын айтып отырмыз. Мұны аралас оқу деп атаймыз. Дәстүрлі форматта оқытылатын пәндерге бірінші кезекте ҰБТ мен қорытынды аттестацияға қажетті пәндер болады. Бұлар: математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия және тағы басқалары. Ал қалған пәндерді қашықтан оқуға қалдырамыз», - деді министр ОКҚ онлайн-брифингте.
Еске сала кетейік, ведомствоаралық комиссияның шешімімен оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылып отыр.