2020 жылы Қазақстанда қандай маңызды заңдар қабылданды?
Өтіп бара жатқан жылда қабылданған маңызды құжаттар
Azattyq Rýhy тілшісі бүгін оқырман назарына 2020 жылы Қазақстанда қабылданған жаңа заңдар, оларға енгізілген түзетулер мен толықтырулар бойынша әзірленген шолуды ұсынады.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ АҚША ТУРАЛЫ ЗАҢ
23 желтоқсан зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында шешіп алуға қатысты заң қабылданды. Заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді Мәжіліс депутаттары мақұлдап, заң қабылданды. Енді құжатқа Президент қол қойған соң 700 мыңға жуық азаматымыз қордағы ақшасының бір бөлігін ала алады. Оның 500 мыңы жұмыс істейтін тұлға болса, 180 мыңдайы зейнет жасындағы адамдар. Бұл заң жобасында, сонымен қатар зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы ереже де бар.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ
4 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойды. Заңға сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
- ең төменгі жалақы мөлшері - 42 500 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 18 524 теңге;
- зейнетақының ең төменгі мөлшері - 43 272 теңге;
- 1 АЕК - 2 917 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 34 302 теңге деп белгіленді.
САХНА МӘДЕНИЕТІ МЕН ФОНОГРАММА ТУРАЛЫ ЗАҢ
22 қазанда Сенат әртістердің сахнадағы жүріс-тұрысын, фонограмма қолдануын реттейтін заң жобасын қабылдады. Оның ішіндегі маңызды норманың бірі - музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограмманы қолдануы туралы көрерменді хабардар ету. Фонограмманы пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімде және касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарландыру беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді әрі билеттің құнына да әсер етеді. Заң бойынша, өнер адамдары сахнада ерсі әрекеттер жасағаны үшін жазаланатын болады.
ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАҢА ӨКІЛЕТТІЛІГІ ТУРАЛЫ ЗАҢ
Президент республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды басқа елдімекендерге айналдыру туралы шешімдер қабылдай алады. Мемлекет басшысына мұндай өкілеттіктер «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңға өзгерістер енгізу арқылы берілді.
Заң жобасында келесі түзетулер ұсынылды:
- қаладағы аудандарды елдімекендердің құрамдас бөліктеріне жатқызу;
- халық саны 400 мыңнан асатын тұрғыны бар облыстық, республикалық маңызы бар қалада, астанада аудан құру;
- аудандық маңызы бар қаланың, кенттің және ауылдың өлшемдерін нақтылау;
- Президентке Үкіметтің ұсынуы бойынша және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың пікірін ескере отырып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру жөнінде шешім қабылдау жөнінде өкілеттік беру;
- Үкіметке республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру туралы ұсыныс енгізу жөнінде жаңа құзырет беру;
- облыстық өкілді және атқарушы органдарға Үкіметке облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру туралы ұсыныс енгізу жөнінде жаңа өкілеттік беру;
- аудандық маңызы бар қала әкіміне аудандық маңызы бар қаланы кент, ауыл санатына жатқызу туралы ұсынысты аудандық өкілді және атқарушы органдарға енгізу бойынша өкілеттік беру.
Сенаттың тұрақты комитеттерінде осы заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар болған жоқ. Соның нәтижесінде, Сенат депутаттары «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңға түзетулерді бірауыздан қабылдады.
САЛЫҚ РАҚЫМШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ЗАҢ
Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) және «Қазақстан Республикасының салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарда қосымша салық қарастырылған. Салық төлеушінің жеке шотындағы айыппұлдарды есептен шығарып, қазақстандықтардың (жеке тұлғалардың) 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдайына байланысты рақымшылық жасау.
Салықты 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлесе, айыппұлдар есептен шығарылады. Бұл өзгеріс 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мүлік салығына, жер салығына, көлік салығына қатысты.
ДЕКЛАРАЦИЯ ТУРАЛЫ ЗАҢ
«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң президенттікке кандидаттар мен парламент мүшелеріне декларация тапсыру мерзімін 2020 жылдан 2021 жылға ауыстырды. Кейінге қалдыру 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен өтуіне байланысты болды.
Жалпыға бірдей декларацияны жүзеге асыру бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде - 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялау шеңберіндегі декларация:
- жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға және олардың жұбайларына теңестірілген;
Екінші кезеңде - 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері мен олардың жұбайлары үшін декларация қабылданды.
Үшінші кезеңде - 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларының және олардың жұбайларының, жеке кәсіпкерлердің және олардың жұбайларының декларациясы.
2020 жылдан көлік құралын мас күйде жүргізу, мал ұрлығы, есірткі жарнамасы және браконьерлік үшін жаза күшейтілді.
Бұған дейін сау жүргізушіге де, мас жүргізушіге де жаза бірдей болды. Биылдан бастап ол норма өзгерді. Мәселен, бұрын мас күйде ұсталған жүргізуші көлік жүргізу құқығынан екі жылға айырылып, 40 күнге дейін қамауға алынса, жаңа норма бойынша ондай адамдар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Оған қоса, он жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру қарастырылған. Бұдан бөлек, көлік жүргізу құқығынан айырылған адам рөлде мас күйінде ұсталса, өмір бойына көлік жүргізе алмайды.
ЕСІРТКІ ЖАРНАМАСЫ ҮШІН ТҮРМЕГЕ ҚАМАЙДЫ
Қылмыстық заңнамаға есірткіге жарнама жасауға қатысты жаңа бап енгізілді. Себебі соңғы жылдары есірткіні интернет арқылы сатушылар саны күрт өскен. Енді есірткі жарнамасын жасаушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ БӨЛЕК БАП БОЛАДЫ
Заңнамаға енгізілген жаңа бап – мал ұрлығы. Осы қылмыста бұдан былай «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама болмайды. Ал жаза мерзімі күшейтілген.
- 7 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдан бастап 5 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза;
- ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласып жасалса, 7 жылға дейін түрмеге отырғызу;
- бірнеше рет немесе мал қораға кіріп жасалса, 10 жыл;
- аса ірі көлемде және қылмыстық топ болса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
- Аталған санаттағы қылмыстар бойынша татуласуға рұқсат жоқ.
ПЕДОФИЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЗА КҮШЕЙТІЛДІ
2020 жыл басынан бастап жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтті. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады.
Сондай-ақ, педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны үшін, жасырып қана қоймай, біліп тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыс санатына кіреді. Мәселен, баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
БРАКОНЬЕРЛЕР ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНАДЫ
2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылатын болады. Ондай қылмыстар үшін келесі жаза түрлері қарастырылған.
- 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралары – қару-жарақтар, көлік пен мүлікті тәркілеу.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан