Қазақстан өлім жазасын қандай жағдайда қолдануы мүмкін екені айтылды
Қазақстанда өлім жазасын алып тастау жоспарлануда. Мәжіліс депутаттары «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттама 1989 жылғы 15 желтоқсанда Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының ескертпесімен жасалды.
«Хаттама Қазақстан Республикасының өлім жазасының күшін жою бойынша халықаралық міндеттемелерді қабылдауына бағытталған. Хаттаманың 2-бабының 1-тармағында соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін, ратификациялау немесе қосылу кезінде жасалған ескертпені қоспағанда, осы хаттамаға ешқандай ескертпелерге жол берілмейтіні көзделген», - делінген Мәжіліс комитетінің қорытындысында.
Қазақстан хаттамаға көрсетілген ескертпемен қосылады. Мәжіліс комитеттері хаттаманы оң бағалап, оны ратификациялауды ұсынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тарту үшін Ата заңға өзгеріс енгізу қажет емес екенін мәлімдеген.
2020 жылдың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінің екінші факультативтік хаттамасына қол қойды.