Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің атауы ресми түрде «Отбасы банк» болып өзгерді

Автор: Azattyq Rýhy

Қаржы құрылымы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы міндетін атқара береді

фото: hcsbk.kz

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бүгіннен бастап «Отбасы банк» деп аталады. Қаржы институты, бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын банк ретінде қала береді. Сондай-ақ қаржы құрылымы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы міндетіндегі қызметін де өзгертпейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) өзінің ресми атауын «Отбасы банк» деп өзгертті.

«2020 жылдың 20 желтоқсанында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамына қайта тіркеу жүргізілді», - делінген банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бүгіннен бастап банктің толық атауы:

  • мемлекеттік тілде: «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы;
  • орыс тілінде: акционерное общество «Жилищный строительный сберегательный банк «Отбасы банк»;
  • ағылшын тілінде: joint stock company «Otbasy bank» house construction savings bank».

қысқаша атауы:

  • мемлекеттік тілде: «Отбасы банк» АҚ;
  • орыс тілінде: АО «Отбасы банк»;
  • ағылшын тілінде: JSC «Otbasy bank».

Банктің жалғыз акционері болып акциялардың мемлекеттік пакетін иеленуге және пайдалануға 100% құқығы бар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қала бермек. Банктің заңды тұлға ретіндегі ресми атауы ғана өзгертіледі. Сонымен қатар, 2021 жылы «Отбасы банк» тұрғын үйді тіркеу, есепке алу, үлестіру жұмыстарын бір орталықтан жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтына айналады. Ал бұл міндеттерді іске асыру үшін кезекке қою жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкке» тапсырып, тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Алғашқы баспанамен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланған. Бұл жағдайда тұрғындарымызға баспанаға мұқтаж екенін растау үшін бірнеше мекемеге жүгініп, кезекте тұрып, ізінше несие алу үшін Банкке келіп әуре-сарсаңға салынбай, мәселесін бір орталықтан шешу мүмкіндігі туады.

«Банктің дамыған инфрақұрылымы, ақпараттық және технологиялық қоры тұрғындарымызды, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетеді, үй алуға кезек құру жүйесін басқару мүмкіндігін кеңейтеді, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға баспана алу рәсімін оңтайландырады. Сонымен қатар Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберіндегі өзінің негізгі қызметін де жалғастырады», - дейді «Отбасы Банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы